Жаңалықтар

Үкімет ЖИ көмегімен мемлекеттік қызметкерлер санын қысқартуды көздеп отыр

ЖИ
ЖИ енгізілсе, мемлекеттік апараттағы штат саны азаяды / Фото: ЖИ ChatGPT; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Үкімет мемлекеттік қызметті цифрландырып, жасанды интеллект (ЖИ) енгізуді көздеп отыр. Ал жасанды интеллект мемлекеттік штат санының қысқаруына алып келеді.Бұл туралы Сенат кулуарында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов айтты.

Агенттік өкілі ЖИ көмегімен мемлекеттік аппаратты оңтайландыру арқылы әкімшілік процестер автоматтандырылатынын, мұның заман талабына сай, объективті процесс екенін атап өтті.

«Егер бұл процесс жалғасса, әрине, мемлекеттік аппараттың штат саны ықшамдала түседі. Президент жарлығына сәйкес мемлекеттік штат санын ұлғайтуға 2 жылға шектеу қойылған. Яғни ЖИ қосылса, штат саны өспейді, керісінше, қысқарады. Мәселен, бір-бірімен қайталанатын және қажетсіз функацияларды атқаратын штат орындары қысқаруы тиіс. Бұл мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылтуға мүмкіндік береді», – деді агенттік өкілі.

Мүксімовтің айтуынша, елде 1300-ден астам, мемлекеттік қызмет түрі бар. Соның 90%-дан астамы автоматтандырылған. Ал адами факторсыз көрсетілетін қызмет түрі небары 4%-ды құрайды. Қалғаны қандай да бір қызметке өтініш беру мен оның нәтижесін алу қызметімен шектеледі. Яғни негізгі қызмет функциясы ЖИ-ге берілсе, бірталай адам адам жұмыссыз қалуы ықтимал.