Ақтаудағы ұшақ апатынан зардап шеккен екі адамның жағдайы аса ауыр – Денсаулық сақтау министрлігі
Денсаулық сақтау министрлігі Ақтауда ұшақ апатынан аман қалып, ауруханаға жеткізілген адамдардың жағдайы туралы хабарлады. Министрлік мәліметінше, екі адамның жағдайы аса ауыр.
Апаттан зардап шеккен 29 адамның 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілген. Олардың алған жарақаты әртүрлі.
«26 желтоқсан күні таңертең 11 пациент реанимация бөлімшесінде, 13 – травматология бөлімшесінде, 2 – нейрохирургия бөлімшесінде, 1 – хирургия бөлімшесінде ем алды. Пациенттердің жағдайы бойынша, екеуі аса ауыр жағдайда, 11 ауыр жағдайда, 14 – орташа ауырлық дәрежесінде, 2 пациенттің шағымы жоқ, қанағаттанарлық жағдайда», – деп хабарлайды министрлік.
Жарақат алған сегіз адам өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккендерге қажетті мөлшерде медициналық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады. Сондай-ақ емге қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтардың жеткілікті екені айтылған.
Ал Ақтауда емделіп жатқан Ресейдің 9 азаматы арнайы медициналық бортпен Мәскеуге жеткізілген.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Бакуден Әзірбайжанға бағыт алған жолаушылар ұшағы құлады. Ұшақ Azerbaijan Airlines авиа компаниясына тиесілі. Бұл апатта Қазақстанның 6 азаматы қайтыс болды. Бүгін, 26 желтоқсанда Тқтенше жағдайлар министрлігі апатта қайтыс болған қазақстандықтардың тізімін жариялады.