Жаңалықтар

1,4 млн адам eGov арқылы несие рәсімдеуге шектеу қойып, өздерін алаяқтардан қорғаған

колледжге
1,4 млн адам eGov арқылы несие рәсімдеу тетігін бұғаттаған / Фото: kursiv.media

Қазақстанда 1,4 млн адам eGov арқылы несие рәсімдеуге шектеу қойған. Бұл туралы Үкімет өткен жиында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек айтқан.

«eGov-тағы «СТОП-несие» деп аталатын функцияда банктік қарыздарды алудан ерікті түрде бас тарту жасалды. Бұл алаяқтарға азаматтардың сыртынан несие рәсімдеуге мүмкіндік бермейді. Ал несие алу қажет болған жағдайда азамат оны өшіре алады. Бұл функцияны 1,4 миллионнан астам азамат пайдаланды», – деді Асхат Оразбек.

Сонымен бірге вице-министр Қазақстанда азаматтардың деректерін қорғау және ақпараттың ұрлануын болдырмау үшін азаматтардың дербес деректерін таратқаны үшін жауапкершілікті күшейту жоспарланып отырғанын хабарлады. Жеке деректердің таралып кетуіне жол берген жауапты тұлғалар 4 млн теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Айыппұл мөлшері 10-нан 1 мың АЕК-ті (3 932 000 теңге) құрайды.

Бұдан бөлек, 1 млн-нан астам азаматтың дербес деректерін өңдейтін меншік иелері мен операторлар міндетті кибер сақтандыру шараларын енгізуі керек. Бұл шаралар қабылданбай, деректер ұрланса, азаматтар ондай компанияларды сотқа беруге құқылы болады.