Авиация сарапшысы ұшаққа оқ тию нұсқасына пікір білдіруден неге бас тартты?

Жарияланды
«Қазіргі кезде ресми тексеру нәтижелерін күтуіміз керек. Соның қорытындысы бойынша, ашық айтуға болады», – деді сарапшы/Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Авиация сарапшысы Абыл Кекілбаев Ақтауда құлаған әзербайжандық ұшаққа оқ тиюі мүмкін деген нұсқаға байланысты пікір білдіруден бас тартты. Өйткені бұл – халықаралық азаматтық авиация ұйымының ұйымының талабы. Ол бойынша, ресми тексеру шықпайынша, қандай да бір ақпарат беруге болмайды. Десе де, сарапшы, құстардың кесірінен ұшақтың құлауын жоққа шығармады.

«Құстардың соғылуынан мұндай апаттардың болуы әбден мүмкін. Әлеуметтік желілерде әртүрлі ақпарат таратылып жатыр. Ресми тексерудің нәтижесі шықпайынша, оларға сенбеуге шақырамын. Бұл мәселе жайында бірдеңе айту қазір қиын. Сенімді ақпарат – қара жәшік. Сондағы сақталған ақпарат белгілі болғаннан кейін, сараптауға болады. Қазіргі кезде ресми тексеру нәтижелерін күтуіміз керек. Соның қорытындысы бойынша, ашық айтуға болады», – деді сарапшы.  

Маман сөзіне қарағанда, халықаралық азаматтық авиация ұйымының 13 қосымшасы бар. Оның бірі осындай апат кезінде тексерулерге арналған. Талаптары бойынша, тексеру нәтижесі ресми түрде жарияланбағанша, қандай да бір ақпарат таратуға болмайды. Өйткені жалған ақпарат болса да, біреудің жеке ойы болса да комиссия оны тексеруі керек болады.

«Оған уақыт бөлуі керек. Мұны тексереміз деп уақыт созып алып, басты нәрселерге мән берілмей қалуы ықтимал. Сондықтан қазір қандай да бір қорытынды жасаудан бас тартып отырмыз», – деді Абыл Кекілбаев.

Көрші Ресей – соғысып жатқан елдің бірі екені даусыз. Қалаларына украиналық дрондар жиі шабуыл жасайды. «Қазақстандық әуекомпаниялар Ресейге ұшуды тоқтатуы мүмкін бе» деген сауал туатыны заңдылық. Маманның пікірінше, бұл әр әуекомпаниясының еркіндегі мәселе.

«Әр әуекомпаниясы өздерінің ақпараттарына сүйене отырып, шешім қабылдайды. Халықаралық ақпарат алмасу жүйесі бар. Ұшу қауіпсіздігі деңгейіне байланысты әр компания өздері шешім қабылдауы мүмкін. Бұл – олардың күнделікті жұмыстары. Әуекомпаниялар ұшу қауіпсіздігіне кедергі болса, рейстерді тоқтатып, жағдай дұрысталғанын күтеді. Бұл халықаралық талаптарға қайшы келмейді. Өздерінің операциялық жұмысы. Одан бөлек, мемлекет тарапынан да талаптар қойылуы мүмкін», – дейді сарапшы.

Абыл Кекілбаевтың айтуынша, ұшу қауіпсіздігі қатаң. Халықаралық ұйымдар әуекомпанияларға талап қояды және талаптар әуекомпаниялармен келісіледі.  

«Тоқтатқан компанияларға келсек, Кавказдағы жағдайға қатысты нақты ақпарат жоқ. Ресей мен Украина арасындағы соғысқа байланысты Украинаның үстінен ұшақтарды ұшыру мүмкін емес. Ұшақтардың бәрі айналып өтуге мәжбүр», – деді сарапшы.

Ұшқыш Тоты Әмірова да апатқа қатысты әлеуметтік желіде пікір білдірді.

«Солтүстік көршіміздің танымал БАҚ-тары ұшақтың қозғалтқышына құстар кіріп кеткен деген нұсқаны таратып жатыр, сөздерінің жаны бар ма?», – деп сауал тастады ұшқыш.

Оның пікірінше, мұндай жағдайда қозғалтқышты шығарушылардың өкілдері тергеп-тексеруге қатыса алады.

Сондай-ақ оқыңыз