Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха трассаларда жылдамдықты 110-ға дейін шектеуге қатысты пікір білдірді

Жарияланды
«Әкімшілік кодексте мұндай норма болса, онда ол орындалуы тиіс»./фото: Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха «Қазақстан айыппұлдар еліне айналды» деп сынаушылардың пікіріне, трассаларда жылдамдықты 110-ға дейін шектеуге қатысты түсініктеме берді.

«Менің ойымша, әрбір құқық бұзушылық жасаған тұлға заңға сәйкес жауапқа тартылу керек. Заң шығарушы ретінде депутаттар норма енгізсе, онда біздің міндетіміз – құқықты қолдану тәжірибесі. Әкімшілік кодексте мұндай норма болса, онда ол орындалуы тиіс. Оған жауапкершілік қарастырылады», – деді вице-министр.

Сенат дәлізінде шенеунікке «Қазақстандықтардың бәрінде қазір камера бар. Жүргізушілерді бәрін пайдаланып, ұстап, айыппұл сала бере ме? Бұл тым артық емес ме?» деген сауал қойылды. Мәселе трассаларда жылдамдықты 110-ға дейін шектеуге қатысты екені анық.

«Тұра тұрыңыз, қандай артық кету! Әзірге біз Көлік министрлігімен бірге тек қана 16 учаскені анықтадық. Яғни, аркадан аркаға дейін. Километражы сәйкес келуі үшін сынақ режимінде қашықтықты айқындадық. Тексеру жүргізіп, орта жылдамдықты бұзудың 580 дерегін анықтадық. Әзірге сынақ режимінде! Aйыппұлсыз!», – деді Игорь Лепеха.

Вице-министрдің айтуынша, трассаларда жылдамдықты 110-ға дейін шектеуге қатысты тым жалаулатып жатыр. Осы уақытқа дейін орта жылдамдықты бұзғаны үшін ешкім жауапқа тартылмаған.

«Аркаларда бұрыннан жұмыс істеп тұрған камералар бар. Олар сол сәттегі жылдамдықты өлшейді. Рұқсат етілген сағатына 140 шақырым орнына 160-пен өтсе, жауапқа тартылады. Бұрыннан солай», –деді Игорь Лепеха.

Мұның алдында, Ішкі істер министрлігі көлік қозғалысын қадағалауды көздейтін нормаларға жаңа өзгеріс енгізілгенін хабарлады. Енді жол ережелерінде «көліктің орташа жылдамдығы» деген ұғым пайда болады.

Сондай-ақ оқыңыз