Букмекер мен ойыншы арасындағы ақша айналымын мемлекет бақылауына алады

Жарияланды
букмекерлер
Букмекер мен тотализатордағы ақша айналымы бақылауға алынады/Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Елімізде «Ортақ есеп жүйесі операторы» құрылады. Букмекер мен ойыншылар арасындағы барлық төлемдер сол ұйым арқылы өтеді.

2024 жылы 20 желтоқсанда Үкімет «Ортақ есеп жүйесі операторы» ЖШС құру туралы»  қаулыны қабылдады. Жарғылық капиталында 100 пайыз мемлекеттік қатысуымен құрылғандығы жазылған, яғни мемлекетке тиесілі. Нақты айтқанда Туризм және спорт министрлігнің балансына қарайды.

Ортақ есеп жүйесі операторы елдегі букмекерлер мен құмар ойын ұйымдарының жұмысын бақылау үшін қажет.  Енді Қазақстанда букмекер мекемесі немесе тотализатор мен ойыншылардың арасындағы барлық ақша айналымы, оның ішінде электронды ақша болсын, осы компания арқылы өтуі керек.

Егер бір тұлғаға құмар ойындарға қатысуға шектеу қойылған болса, оператор ол адамның ақшасын қабылдамай қоюға немесе жеңісін төлемей қоюға міндетті.

Ортақ есеп жүйесі болатын оператор Ұлттық банктен арнайы лицензия алуы керек. Және есеп жүргізу үшін бағдарламалық-техникалық құралдары болуы тиіс.

Ел аумағында тіркелмеген, терроризм және экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар, борышкерлер тізімінде тіркелген ұйымдар оператор бола алмайды.

Бұған дейін елімізде заң қабылданып, мемлекеттік және әскери қызметкерлерге құмар ойын ойнауға тыйым салып еді. Аталған шектеу 280 мыңға жуық шенеунік, әскери және бюджеттік ұйымдардың басшыларына қатысты.

Сондай-ақ оқыңыз