Сенат төрағасы ұшақ апатына қатысты ақпаратты жасырып қалуға ешбір тарап мүдделі емес деп есептейді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Бакуден Грозныйға ұшу кезінде болған ұшақ апатында 38 адам қаза тапты / REUTERS/Azamat Sarsenbayev, бильд-редактор: Дастан Шанай

 Ұшақ апатының себебіне қатысты ақпараттарды Қазақстан, Әзірбайжан, тіпті Ресейде жасырып қалуға мүдделі емес. Осындай мәлімдеме айтқан Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қайғылы оқиғаға қатысты түрлі саяси болжам мен мәлімдеме жасап жүргендерге жауап берді.

Жоғары палата спикері тек ресми ақпарат пен мамандардың сөзіне сенуге шақырды. Сенатор Андрей Лукин де бұл пікірді қолдайды.  Депутат қазақстандық мамандардың шетелдік әріптестердің көмегінсіз-ақ тергеу жүргізуге қабілеті мен тәжірибесі жеткілікті екенін айтады.

Мәулен Әшімбаев қазіргі уақытта әуе апатының себептері мен зақымдану сипаты әзірге белгісіз екенін еске салды. Сөзіне сенсек, оқиға орынында Қазақстан, Әзербайжан және Ресей өкілдері қатысқан арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Тергеу әлі бастапқы кезеңде екенін ескертті. Ал бейресми мәліметтер мен фотосуреттер негізінде қорытынды жасау, алыпқашпа әңгімелер мен дәлелсіз мәлімдемелер екенін атап өтті.  

«Мұндай баға беруді қазір тарату дұрыс емес және этикаға жат әрекет деп ойлаймын. Бұл, ең алдымен, кейбір адамдардың осы жағдайдан өзіне пайда көргісі келетінін және басқа да мүддені көздейтінін көрсетеді», – деді Сенат төрағасы.

Сенат төрағасы ұшақ апатына қатысты ақпараттар қолжетімді болатынын, ешбір ел оны жасырып қалуға мүдделі еместігін айтады.

 «Бірде — бір ел — Қазақстан да, Әзербайжан да, Ресей де ақпаратты жасыруға мүдделі емес. Барлық деректер жұртшылыққа ұсынылатын болады. Мамандарға қорытынды жасауға және  оны азаматтарға жеткізуге мүмкіндік беру керек деп есептеймін», – деді Әшімбаев.

Бас прокурордың орынбасары болған сенатор Андрей Лукин болса, Әзербайжан мен Ресейді қоса алғанда, бірнеше елдің тергеуге көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Алайда қазіргі уақытта шетелдік мамандарды тарту мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Лукин қазақстандық мамандардың тергеу жүргізуге қажетті кәсібилік пен тәжірибесі жететін айтты.

«Қылмыстық іс қозғалды, және тергеу Қазақстанның аумақтық құзыреті шеңберінде жалғасады. Егер шетелдік көмек тарту қажет болса, шешімді құзыретті органдар қабылдайды. Әзірге бізде басқа ақпарат жоқ», — деп атап өтті Лукин.

Ақтау маңындағы апат…

Айта кетейік, кеше 25 желтоқсанда Ақтауда құлаған мемлекеттік нөмірі 4K-AZ65 AZAL Airlines Embraer 190 ұшағы 2013 жылы шығарылған. AZAL әуе компаниясының мәліметінше, өндірушінің сериялық нөмірі: 19000630. Әуе кемесі 9949 рет қонып, жалпы 15257,22 сағат ұшқан. Ұшақ соңғы рет толық техникалық байқаудан 2024 жылдың 18 қазанында өткен. Соңғы тексеруден бері ұшақ 671 сағат ұшқан. Ал әуе кемесін басқарған капитан Игорь Кшнякин 15 000 сағаттан астам ұшу тәжірибесі бар. Оның 11 200 сағатын әуе ұшағының капитаны шенінде басқарған.

Маңғыстау облысы Ақтау қаласы маңындағы ұшақ апатында қайтыс болған Қазақстан азаматтарының тізімі жарияланды. Тізімді Төтенше жағдайлар министрлігі жария етті.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Маңғыстау облысы Ақтау қаласы маңында құлаған ұшаққа байланысты Қазақстан Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодекстің 344-бабымен іс қозғалғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз