Жаңалықтар

2025 жылдан бастап Еңбек министрлігі кедейлік шегін жаңа тәртіппен есептейтін болады

кедейлік шегі
Кедейлік шегін есептеу өзгереді/Фото:shutterchtock

Қазақстанда кедейлік шегін есептеу өзгеретін болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 2024 жылдың 20 желтоқсанда «Кедейлік шегін анықтау туралы» заң жобасына өзгеріс енгізді.

Жаңа өзгеріс бойынша, кедейлік шегін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі емес, медианды табысқа назар аударылады. Яғни  ай сайынғы кірісі – медианды табыстың 35 %-на тең болса, ол адам кедейлік шегінде деп есептеледі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы елдегі орта медианды табыс 73 883 теңге құраған. Ол сол кездегі күнкөріс деңгейінен (48 738 мың) біршама көп.  Айта кету керек, алғашқыда кедейлік шегі үшін медианалық табыстың 50%-ы қарастырылатын еді.

Медианды табысты есептеу әр аймақта әртүрлі жүргізіледі.  Оны анықтау үшін жәрдемақы, әлеуметтік төлем, зейнетақы қорына төленетін төлем, мал басы тәрізді кірістерді есептеп шығарады.

Бұған дейін Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы кедейшілік деңгейіне қатысты зерттеуін жазған едік. 2016-2021 жылдар аралығында елімізде кедейшілік деңгейі төмендегенімен, диспропорция әлі де сақталып отыр. Банк мамандарының талдауынша, ауылдағы кедейшілік деңгейі 60,4%-дан 11,4%-ға дейін азайған, қаладағы кедейлік 41,2%-дан 6,6%-ға дейін төмендеді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сенсек, елімізде 1 млн астам адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз.