Жаңалықтар

330 млн теңге салық төлеген «Ұлттық геологиялық қызмет» компаниясына мемлекет жеңілдік жасады

«Ұлттық геологиялық қызмет» компаниясы дивиденд төлеуден босатылды/

«Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ компаниясы мемлекеттік акциялар бойынша дивиденд төлеуден босатылды. Осыған сәйкес Үкіметте қаулы қабылданды.

«100 пайыз акциясы мемлекет жекеменшігінде болған «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ 2023 жылдың қорытындысы бойынша, компания мемлекеттік акциялар пакетіндегі таза табыс бойынша дивиденд төлеуден босатылады», – деп жазылған құжатта.  

Компания материалды-техникалық базаны жаңарту үшін дивиденд төлеуден босатылып отыр. Қаулы 2024 жылы 21 желтоқсаннан бастап күшіне енді.

Дивиденд – компания түсімі, оны акционерлер арасында бөліп береді. Бірақ дағдарыс, бизнесте қиындық болған жағдайда компания дивиденд төлеуден бас тартып, оны кәсіптің дамуына жұмсайтын жағдайлар бар. «Ұлттық геологиялық қызмет» компаниясы толығымен мемлекеттік болғандықтан үкімет дивиденд төлемеу туралы шешім шығара алады.

«Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ – еліміздің кен орындары жайлы геологиялық ақпаратты жинап, өңдеп, сақтаумен айналысатын оператор. Мемлекеттік кіріс комитетінің сайтындағы мәліметке сенсек, 2023 жылы елге 135 млн теңге, ал осы жылдың есептік кезеңінде 330 млн салық төлеген.