Алматыда қытайлықтардың қатысуымен қоқыс өңдейтін зауыт салынады
Алматы әкімі Ерболат Досаев премьер-министр Олжас Бектеновпен кездесіп, «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі іс-шаралар, оларды орындау барысы жайлы баяндады.
2025 жылы Алматыда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау жүйесін жаңарту толығымен аяқталу жоспарланған. Қалада 2 мыңнан аса контейнерлік алаң салынады. Іле ауданында ҚТҚ көмуге арналған жаңа полигон жобасы дайындалып жатыр.
Қоқыстармен күрестегі басты жобаның бірі – қатты қалдықтарды өңдейтін зауыт.
Тұрмыстық қатты қоқысты өңдейтін кәсіпорын қытайлық Shanghai SUS Environment Co., Ltd компаниясының қатысуымен салынады. Оның құрылысы 2028 жылға дейін жалғаспақ. Тәулігіне 2 тонна қатты қалдықты өңдеуі керек. Жоба құны нақты айтылған жоқ.
Бірақ осыған дейін Досаев келесі жылы Алматыдағы тұрмыстық қалдықтарды жинау және ағаш отырғызу үшін келесі жылы 10,6 млрд теңге бөлінетінін жазған едік.
Ал 2030 жылға дейін 2,5 млн жасыл желек отырғызу жөніндегі жол картасына сәйкес, осы жылы Алматыда 643 мың ағаш көшеті отырғызылған. Оларды суару жүйесі де жолға қойылып, 2 жыл ішінде 500 км автосуару және тамшылатып суару желілері орнатылды.
Қаланың ауасын тазарту үшін осы жылдан бастап дизельді отынмен жұмыс істейтін қоғамдық көліктер сатып алуға тыйым салынған еді. Биыл троллейбус паркі 100%-ға жаңартылды, ал автобус паркін жаңғырту 2025 жылы да жалғасады.
Бұған дейін Ерболат Досаев президент қабылдауында болып, 9 айда Алматы бюджеті 1,8 трлн теңгеге жеткенін хабарлады. Соның арқасында 2030 жылға дейінгі басты жобалардың қаржысын ұлғайтуға мүмкіндік бар екенін айтқан еді.