Бір жылда бюджетті 10 рет өзгерткен Үкімет 2025 жылдың бюджетін дұрыс жоспарлай ала ма?
Үкімет 2025 жылға арналған бюджетті бекітіп, қажетті заң жобасын қабылдады. Бірақ экономика министрлігінің жұмысына сұрақ көп. Неге бір жылда бюджетке 10 рет түзету енгізілген. Келесі жылдың бюджетін бекітпес бұрын дұрыс талдау жүргізілді ме? KursivMedia-ның арнайы шолуын ұсынамыз.
Бюджетке қанша рет түзету енгізуге болады?
2024 жылдың қарашасында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ұлттық экономика министрлігіне шүйліккен еді. Себеп – 10 айда республикалық бюджетке 10 рет өзгеріс енгізілген екен. Төраға бұл тәртіпке қайшы екенін айтады.
«Ай сайын бюджетке бір өзгеріс енгізіліп отырған. Яғни бюджеттік тәртіп ақсап жатыр деген сөз. Солай ғой. Мұны Үкімет өз қаперіне алуы керек»,- деген Ерлан Қошанов.
Сол кездегі Ұлттық экономика министрі Байбазаров бюджетке мұндай көп түзету енгізуге су тасқынынан кейінгі жағдай әсер еткенін айтты. Президент Тоқаевтың сол апаттан кейін бюджет шығындарын азайту жөніндегі тапсырмасына сай өзгеріс енгізіліп, өнімсіз шығындар мен форумдар қысқартылып, басқа бағыттарға жұмсалған екен.
Мемлекеттік бюджеттің негізі болған Республикалық бюджет – үкіметтің барлық табыстары, шығындары, бюджеттік несиелері мен инвестициялары бойынша қаржы жоспары жазылған, елдің парламенті бекітетін қаржылық құжат.
«Ол келесі жылға заңды жоспар-болжам ретінде жасалады, сондықтан Бюджеттік кодексте бюджет орындалуы кезінде айқындалуы, яғни өзгертулер енгізілуі мүмкін деп жазылған», – дейді экономист Сапарбай Жобаев.
Маманның сөзінше, бюджетке түзету енгізу қалыпты жағдай, бірақ оның шегі болу керек.
«Ол он рет емес, әдетте әр тоқсан сайын немесе жылына екі рет айқындалады. Неге он рет екенін білмеймін. Үш айда бір рет жиналып, Мәжіліс отырысында Қаржы не Экономика министрлігі ұсынысын айтады. Биылғы су тасқынына байланысты Ұлттық қордан алатын ақшаны көбейттік, кейбір инвестициялық жобаларды тоқтаттық дейді, өзгертулерді Мәжіліс бекітіп береді», – деп түсіндіреді Сапарбай Жобаев.
Бірақ маман бюджетті Ұлттық экономика министрлігінің дайындауының өзін «қызық жағдай» деп бағалайды. Дүниежүзілік тәжірибе бойынша, бюджетті Қаржы министрлігі түзеді. Себебі салық комитеті, атқарушы органдар сол ведомствоға қарайды. Бюджеттен қажыландыру керек өтінімдер де министрлікке түседі.
«Бізде тоқсаныншы жылдары бұл қызметті экономика министрлігіне берген. Себебі мемлекеттік жоспарды сол министрлік істейтін еді. Кейін мемлекеттік жоспар болмайды деді, ал бюджетті бекіту экономика министрлігіне уақытша бергендей болған. Бірақ үрдіс сол күйі қалып кетті», – дейді экономист Сапарбай Жобаев.
Оның сөзінше, бюджетті қалыптастыру құзыры Экономика министрлігінде болуы Үкіметке ыңғайлы.
«Депутаттар неге бюджет жобасы соңына дейін атқарылмады десе, бір-біріне сілтей салуға болады. Қаржы министрлігі Экономика минситрлігі соңына дейін есептемеді дейді. Ал Экономика министрлігіндегілер Қаржы министрлігі атқару кезінде салық түсімі болмай, қаржы жетпеді деп айта салады. Бұл ыңғайлы. Аудан әкімдігі, не ауыл әкімдігі неше жылдан бері ауызсу мәселесі шешілмей жатыр деп мәселе көтеруі мүмкін. Бұл жағдайда да Экономика минситрлігі бюджет жоспарына енгізбеді десе, Қаржы министрлігі ақша жетпей қалды деп, екі жақ бір-біріне сілтеп, мәселені созып жүре береді. Бұл жақсы емес, мұны түзету керек. Бұл мәселені көп қаржыгерлер айтып жатыр, бірақ Үкіметке ыңғайлы болған соң өзгертпей жатыр», – деп түсіндіреді сарапшы.
Бюджетті есептеу – кеңестік әдіспен жүреді
Осы жылғы жолдауда Тоқаев та бюджет жоспарлаудағы қателік жайлы айтқан.
«Осыған дейінгі және қазіргі үкімет жұмысындағы үлкен қате есептеу – республикалық бюджеттегі табыс бөлігі бойынша игерілмеуі. Бұл мәселе жүйелік сипатқа ие болып, ел дамуына шектеу болмауы керек», – деген еді.
Бірақ сарапшылар сөзінше, келесі жылдың бюджетін жоспарлауда әлі де қателік бар. Осы жылы күзде Үкімет 2025 жылға арналған бюджетті Парламентке жолдады. Экономист Меруерт Махмұтова бұл құжатқа күмәнмен қарайды.
«Жаңа құжаттағы жоспарлар келесі жылы мұнай бағасы барреліне 75 доллар болады, доллар курсы 470 теңге болады деген есеппен бекітілді. Инфляция 5,5-7,5 деңгейінде болады деген. Бірақ бірнеше халықаралық банктер болжамы бойынша, мұнай 40-50 долларға дейін төмендеуі мүмкін. Ол бюджет тапшылығының ұлғаюына үлес қосады. Онда мүмкін наурызда Ұлттық қордан бөлінетін трансфертті тағы ұлғайтады және шығындарды қысқартады», – дейді ол.
Махмутова экономика министрлігінің келесі жылға арналған болжамына да сын мен қарайды.
«Экономикада көп көзбояушылық бар. Биылғы 2024 ЖІӨ 6% өседі деген, ал қазір 11 айда бұл көрсеткіш 4,4%, жыл аяғына дейін өзгере қоймайды. 2025 жылы инфляцияны 5,5-7,5 деңгейінде болжады, бірақ ең төменгі жалақы көлемі 85 мың теңге күйінде қалады. Сонда, шын мәнінде, жалақы құнсызданды деп айту керек. Тоқаевтың өзі қыркүйектегі жолдауында «қате есептеу» бар деген еді. Сол кеңес заманында ұран, лозунг деген көзқарасты ұстанады. Үкіметте отырғандар жаңа буын өкілдері сияқты, бірақ әлі де экономикалық саясатты кеңес заманының көзқарасымен, ұрандату деген әдісімен жүргізеді», – дейді сарапшы
Нарық ойыншылары не дейді?
Halyk Finance сарапшылары да 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетті жоспарлау күмән тудырады деген пікірде.
«Өкінішке орай, бюджет жоспарына қатысты жарияланған құжатта 2023-2024 жылдарға арналған талдау жоқ. Бірақ ол жылдары бюджетте үлкен мәселелер болған еді», – дейді сарапшылар.
Олардың сөзінше, республикалық бюджеттің түсіндірмесінде келесі жылы трансфертсіз табыс түсімі (Ұлттық қордағы және басқа трансфертті есептемегенде) 15,6 трлн теңге деп есептелген. Бірақ 2024 жылы трансфертсіз табыс түсімі 14,5 трлн теңге болған еді. Оның өзі 2023 жылмен салыстырғанда 1,8 трлн теңге аз, бірақ бюджетте бұған қатысты ешқандай түсіндірме жоқ.
«Алдағы жылы бюджеттегі табыс түсімі трансфертсіз 22,8% деген болжам тамаша. Бірақ іс жүзінде 2025 жылға жоспарланған жоспар(15,6) 2024 жылдың(14,5) жоспарына қарағанда әлдеқайда аз. 2024 жылдың табысы бойынша жоспардың орындалмағанына талдау жүргізілмеуінің өзі келесі жылғы бюджет табысын жоспарлауға күмән тудырады» – дейді қор сарапшылары.