Жаңалықтар

Google-дың кванттық чипінен кейінгі өзгерістер, қор нарығы «Санта-Клаус раллиінде» қалай құбылмақ?

Фото: shutterstock

Google кванттық чипін ұсынғаннан кейін акциялардың құны жүздеген пайызға өскені байқалды. Дегенмен сарапшылар бұл тенденцияның 2025 жылы жалғасатынына сенімді емес және жасанды интеллектіге байланысты қарқынды өсім екінші орынға сырғыуы мүмкін екенін алға тартты. Алтын геосаяси шиеленістер жағдайында қорғаныс активі ретінде өз позициясын нығайта түсуде. 26 желтоқсандағы әлемдік БАҚ шолуына зер салыңыздар.

Қор нарығы «Санта-Клаус раллиінде» қалай құбылмақ?

Market Watch мәліметінше, «Санта-Клаус раллиі» деп аталатын маусымдық құбылыс 24 желтоқсан, сейсенбі күнгі сауда-саттықтан басталды. Бұл құбылысты алғаш рет 1960 жылдары нарық сарапшысы Йель Хирш анықтаған. Бұл ралли жылдың соңғы бес сауда күнін және келесі жылдың алғашқы екі күнін қамтиды.

Әдетте, осы кезеңде индекс шамамен 1%-дан сәл артық өсім көрсетеді. Егер «Санта-Клаус раллиі» орын алмаса, акциялардың жылдық әлеуеті теріс болуы мүмкін. Бұған тарихи деректер дәлел.

McMillan Analysis президенті Лоуренс Г.Макмилланның айтуынша, қазірге дейін «бұқалар» нарықты толығымен басқара алмады, «аюлар» да жеңіске жете алмай отыр. Қазіргі уақытта S&P 500 индексі 5870 пен 6100 аралығында тұр. Егер бұл диапазоннан ауытқу байқалса, жаңа тренд тез қарқын алады.

Макмиллан модельдері желтоқсанның соңғы күндерінде нарықтағы ауытқулар ауқымды екенін көрсетеді.

Қауіпсіз актив ретінде алтынға деген сұраныс артады

Соңғы мәліметтерге сәйкес, алтын бағасы 0,73%-ға өсіп, унциясы 2631,52 доллар болды. Бұл Дональд Трамптың экономикалық саясатына қатысты белгісіздік жағдайында капиталдың қауіпсіз активтерге ауысуымен байланысты, деп хабарлады Reuters.

«Алтын бағасының өсуі ішінара Украинадағы жағдаймен де байланысты. Ресей Украинаның энергетикалық жүйесіне соққы беріп жатыр», – дейді RJO Futures компаниясының аға нарық стратегі Дэниел Павилонс.

Оның пікірінше, бұл жағдайда орталық банктер мен бөлшек инвесторлар тарапынан алтынға сұраныс жоғары болады. Олар мұндай инвестицияларды инфляциядан қорғаныс ретінде қарастырады. Сарапшы келер жылы алтын бағасы унциясына 3000 долларға жетеді деп болжайды.

Мумбайдағы Kedia Commodities директоры Аджай Кедияның айтуынша, 2025 жыл қымбат металдар үшін тұрақсыз болады. Жылдың бірінші жартысында геосаяси шиеленістерге байланысты олардың бағасы өссе, екінші жартысында пайда фиксациясына байланысты төмендейді.

Естеріңізге сала кетейік, алтын геосаяси дағдарыстар мен инфляцияның өсу кезеңінде қорғаныс активі ретінде бағаланады. Бірақ жоғары пайыздық мөлшерлемелер қымбат металға салымның тартымдылығын төмендетеді. 2024 жылдың басынан бері оның бағасы 28%-ға өсті және 31 қазанда өзінің тарихи максимумына – 2790,15 долларға жетті.

Кванттық әзірлеушілердің акциялары күрт өсті. Тренд әрі қарай жалғаса ма?

2024 жылы кванттық есептеулер саласы айтарлықтай серпіліс жасап, салалық компаниялардың акциялары қымбаттады. Алайда акциялардың өсу тенденциясы жалғаса ма, жоқ па? CNBC жазғандай, инвесторлар бұған әлі сенімді емес.

Сарапшылар жасанды интеллектінің қарқынды дамуының артынан қандай технологиялық тренд келе жатқанын болжауға тырысып жатыр. Екі апта бұрын Google өздерінің жаңа кванттық чипі – Willow-ды таныстырды. Ол өзінің алдындағы нұсқасынан тиімдірек жұмыс істейді. Осы жаңалықтан кейін саладағы көптеген компаниялардың акциялары күрт өсті.

Мысалы, Defiance Quantum ETF (QTUM) желтоқсан айында 17%-ға, ал жыл ішінде 52%-ға өсті. Rigetti осы айда 272%, ал 2024 жылдың басынан бері 1000%-дан астам өстм көрсетті. D-Wave желтоқсан айында 163%-ға, ал жыл ішінде 800%-дан астамға қымбаттады.

Соған қарамастан, кванттық есептеулер Уолл-стрит үшін жаңа сала емес екенін ескерткен жөн. Бұл салада көптеген компаниялар кемінде он жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жасанды интеллект бойынша сарапшылар кванттық технологияларды ірі деректер орталықтарын қолдауға арналған әлеуетті шешім ретінде қарастырады. Бірақ қолданыстағы нақты шешімдер әлі жоқ, деп ескертті Harvest Portfolio Management компаниясының бас инвестициялық директоры Пол Микс.

Сондықтан портфельді басқарушылардың көбі 2025 жылды кванттық есептеулер жылы ретінде қарастырмайды. AXS Investments компаниясының бас директоры Грег Бассуктың пікірінше, инвесторлар нақты серпілістерді 2026 және 2027 жылдары ғана көріп отыр.

Кванттық технологияларды әзірлейтін басқа танымал компаниялар қатарында Amazon, Microsoft, IBM, Tencent және Baidu бар.