Қазақстанда АЭС салуға қанша қаржы кетеді және қандай компаниялар салады?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
АЭС
Фото: shutterstock.com

Қазақстан атом электр станциясын Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея және Франция компанияларымен бірлескен концорциум аясында салмақ. Қазіргі уақытта «CNNC» (ҚХР, HPR-1000 реакторы), «Росатом» (РФ, ВВЭР-1200 реакторы), «KHNP» (Оңтүстік Корея, APR-1000, APR-1400 реакторлары), «EDF» (Франция, EPR1200 реакторы) сияқты әлеуетті жеткізушілерімен келіссөз басталған. Келіссөздер бәсекелестік диалог рәсімінде жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Энергетика министрлігінің Kursiv.Media ресми сауалына берген жауабында жазылған.

«Бұл ынтымақтастықтың барлық аспектілерін – техникалық, экономикалық және құқықтық мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. Бұл формат халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және Қазақстанның ұлттық мүдделерін барынша қанағаттандыратын оңтайлы шешімді таңдауға мүмкіндік береді.Келіссөздер мәселелерінің бірі – қарыз қаражатын тарту және халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастықты қоса алғанда, жобаны қаржыландыру шарты», – делінген жауапта.

Жоғарыда аты аталған 4 компанияның ұсыныстарын қарастырғанда, Қазақстан экономикалық тиімділік, елдің ұлттық және стратегиялық мүддесін және басқа да маңызды мәселелерді ескереді. Бұдан бөлек, консорциум шеңберінде жобаны іске асыру мүмкіндігін қоса алғанда, әртүрлі модельдер қаралады.

«Ядролық технологияларды әлеуетті жеткізушілермен келіссөздер басым қадам болады. Сондай-ақ, станция үшін жекелеген сенгменттерді жабдықтау бойынша жетекші әлемдік өндірушілердің ұсыныстары қаралатын болады», – делінген жауапта.

Ядролық технологияларды жеткізуші компания немесе консорциум анықталған соң, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалау-сметалық құжатттамасы қолға алынады.

Энергетика министрлігі Атомдық жобаларды дамыту басқармасының бас маманы Ер-Тарғын Тілеукеновтың айтуынша, Қазақстандағы атом электор станциясының құрылысына кететін қаржы нақты белгісіз. АЭС құны жобаны іске асыру моделі, қаржыландыру шарттары, технология, станцияның қуаты, станцияның орналасқан жері және т.б. көптеген факторға байланысты болмақ. Дегенмен әлемде салынған үлкен қуаттылықтағы екі блокты АЭС-тің құны шамамен 10-12 млрд АҚШ долларын құраған.

Бұған дейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет қаулысымен арнайы ведомствоаралық комиссия құрылғанын айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз