Ақтау ауруханасында ұшақ апатынан зардап шеккен алты адам қалды
Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының дәрігерлері Ақтаудағы апатқа ұшыраған ұшақ жолаушыларының жағдайы туралы айтып берді.
Аурухана мәліметіне сүйенсек, қазір мекемеде алты адам ем қабылдап жатыр.
«Олардың төртеуі реанимацияда. Бір адамның жағдайы өте ауыр, үшеуінің жағдайы тұрақты. Екі науқас травматология бөлімінде емдеуді жалғастыруда», – деп хабарлады дәрігерлер.
Облыстық көпсалалы ауруханада емделіп жатқан пациенттердің үшеуі Әзірбайжан, үшеуі Қырғызстан азаматтары.
Қырғыз басылымдарының хабарлауынша, Ақтаудағы ұшақ апатынан зардап шеккен екі қырғыз азаматы ауруханадан шығуға дайын, тағы біреуі жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы Маңғыстау облысындағы «Ала-Тоо» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Маматқадыр Наркозуев айтып берген.
Ауруханадан шығуға дайын екі азамат: 26 жастағы Тілек Осмоновтың қолы сынған, ал 36 жастағы Ерлан Жүнісалиев белін ауыртып алған екен. Ал үшінші азамат 20 жастағы Ринат Асанов әзірге реанимацияда жатыр. Қырғыз билігі оны арнайы бортпен алып кетуді қарастырып жатыр.