Ақтауда құлаған Embraer ұшағын өндірген зауыт өкілдері Қазақстанға келді

Маңғыстау облысы Ақтау қаласы маңында құлаған Embraer ұшағын өндіруші компанияның өкілдері Бразилиядан Қазақстанға келді. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.
«Бразилиядан Ақтау қаласына Чикаго Конвенциясының 13-қосымшасына сәйкес Embraer әуе кемесін өндіруші зауыттан арнайы өкілдер келді», – делінген хабарламада.
Арнайы келген өкілдер Тергеп-тексеру жөніндегі комиссиямен бірге апат орнына барып, алдағы жұмыстарды айқындады.

Бұған қоса, алдағы уақытта Ақтауға авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу бойынша құрылған халықаралық CENIPA орталығының өкілдері де келуі тиіс.
Чикаго конвенциясы – Халықаралық Азаматтық авиация туралы конвенция. Халықаралық авиация жұмысының негізгі принциптерін, қатысушы елдің аумағында ұшу ережелерін, әуе кемесінің ұлттық меншік принципін ұсынатын құжат. Ол 1944 жылы 7 желтоқсанда АҚШ-тың Чикаго қаласында қабылданған.