Әзербайжандық депутат ұшақ апатына байланысты Ресей тарапы кешірім сұрауы керек деп есептейді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
"Ресей тарапы кешірім сұрауы керек" - Расим Мұсабеков
«Ресей тарапы кешірім сұрауы керек» – Расим Мұсабеков / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ресей тарапы Әзербайжанның жолаушылар ұшағына шабуыл жасаны үшін кешірім сұрауы керек. Бұл туралы Әзербайжан парламентінің депутаты Расим Мұсабеков айтты.

«Ұшақ Ресей аумағында, Грозный аспанында атып түсірілді.  Мұны жоққа шығару мүмкін емес», – деді мәжіліс депутаты, саясаттанушы Расим Мұсабеков.

Әзербайжандық Turan агенттігінің жазуынша, депутат AZAL әуе компаниясы ұшағының Ресейдің Әуе қорғанысы зымыранымен атып түсірілгені туралы айтқан.

Оның айтуынша, Ресейде осы істің артын жабу үшін бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс істейді. Алайда ол мәселені жапқаннан гөрі, Ресей тарапы кешірім сұрағаны дұрыс болатынын айтқан.

«Мұны жасағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек. Қайтыс болған адам және зардап шеккен азаматтарға өтемақы төленуі керек. Егер осы әрекетті жасамаса, қарым-қатынас бағыты өзгереді», – деді Мұсабеков.

Ол 2020 жылы Әзербайжан мен Армения арасындағы 44 күндік соғыс болған кезде Ресей әскери ұшағын атып түсіргені үшін Әзербайжан тарапы кешірім сұрап, кінәлілерді жауапқа тартып, өтемақы төлегенін еске салды.

«Егер әуе қорғаныс зымырандары жұмыс істеп тұрса, онда әуежай жабық болуы керек. Ол жаққа ешкім ұшпауы керек. Сондықтан кінәлілер жауапқа тартылуы керек», – деді Мұсабеков.

Бейсенбі, 27 желтоқсанда, Euronews те ресейлік зымыран ұшақтың бағытын өзгерткенін жазды. Зымыран жарықшағы әуе көлігіне тиген. Грозныйдағы әуежай қонуға рұқсат бермей, Махачкалаға бағыттаған. Махачкала әуежайы Ақтау әуежайына қонуды ұсынған. Осылайша Әзербайжан әуе компаниясының ұшағы Ақтау қаласы маңына құлап, 38 адам қайтыс болған.

Сондай-ақ оқыңыз