Қаңтар кезінде әскеридің қолынан қаза тапқан Ерлан Жағыпаровтың денесінен 10 оқтың ізі табылған
26 желтоқсанда Алматы гарнизонының әскери сотында Қаңтар оқиғасы кезінде Республика алаңында қаза тапқан археолог Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановтың өліміне қатысты кезекті сот процесі өтті.
Аталған іске байланысты сотқа медициналық сараптама жүргізген мамандар куәгер ретінде шақырылды.
Ауез Қапсалановтың өлімі бойынша сараптама нәтижелері
Медициналық сараптама жүргізген маман Әсем Мұхаметкәрімованың айтуынша, 35 жастағы Әуез Қапсаланов төрт оқ жарақатын алған.
«Оң қолында, арқасында және аяғында оқ жарақаттары анықталды. Оң қолы мен ішіндегі жарақат бір оқтан болған. Атылған оқтардың нақты қашықтығын анықтау мүмкін болмады, бірақ алыс қашықтықтан атылмаған», — деді ол.
Ерлан Жағыпаровтың өлімі бойынша мәліметтер
Ерлан Жағыпаровтың денесінен 10-нан астам оқ жарақаты табылған. Сарапшы Ержан Қасымбеков марқұмның кейбір жарақаттарын жатқан күйде алғанын анықтады.
«Денеде 10 оқ жарақатының іздері анықталды, жанап тигені бар, шыққан және денеде қалған оқтар бар. Үш оқ денесінде қалып қойған», — деді Қасымбеков.
Сонымен қатар Жағыпаровтың денесінен автомат соққыларының іздері, көптеген жарақаттар мен көгерген жерлер анықталған. Сарапшының сөзінше, бұл жарақаттардың барлығы тірі кезінде алынған.
Еске сала кетейік, бұған дейін екі сот отырысы өткен еді. Сотқа 5571 әскери бөлімінің командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, подполковник Айтжан Әубәкіров тартылған. Оған Қылмыстық кодекстің 451-бабы («Билікті асыра пайдалану») бойынша айып тағылған.
Бұған дейін, Ұлттық гвардияның әскери қызметкерлері, құтқару қызметі, марқұмның достары күәгер ретінде сұралған еді.