Жастар дін мәселелеріне ерекше қызығушылық танытып отыр – терроризмге қарсы орталық
Қазіргі таңда жастардың радикалды идеологияға тартылу қаупі әлемдік деңгейде өзекті мәселеге айналды. Қостанай облысында жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижелері бойынша, аймақтағы діни ахуал тұрақты және тыныш деп бағаланған. Алайда зерттеу барысында жастардың дін мәселелеріне ерекше қызығушылық танытып отырғаны анықталды. Бұл көрсеткіш 36,8%-ды құрады.
Зерттеу қалай өтті?
«Діни мәселелерді зерттеу орталығының» әлеуметтанушысы Анар Мақанованың айтуынша, зерттеу 16 аудан мен 4 қалада жүргізілген. Оған 1600 адам қатысып, респонденттер бірнеше жас топтарына бөлінген: 18-29 жас аралығындағы жастар (26,5%), 30-45 жас аралығындағы орта буын (41,75%) және 46-60 жас аралығындағы үлкен буын (31,75%). Респонденттердің 51,6%-ын әйелдер, 48,4%-ын ерлер құрады.
Зерттеу нәтижесінде Қостанай облысындағы жалпы діни ахуал тұрақты әрі тыныш деп бағаланған. Алайда жастардың дін мәселелеріне қызығушылығы ерекше байқалды – бұл көрсеткіш 36,8%-ды құрады. Бұл дерек жастардың радикалды ағымдарға тартылу қаупінің жоғары екенін көрсетеді. Сондықтан мамандар жастарға интернеттегі күмәнді ақпарат көздерінен қорғану жолдарын түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ұсынады.
Радикалды идеологияға қарсы тұрудың негізгі факторлары
Анар Мақанова радикалды идеологияға қарсы тұру үшін бірнеше маңызды бағытты атап өтті:
- Алдын алу жұмыстарының сапасын арттыру – экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет ету шараларының жүйелі түрде жүргізілуі.
- Мамандардың кәсіби дайындығы – халықпен жұмыс істейтін қызметкерлердің білім деңгейі мен біліктілігі маңызды.
- Қоғаммен тиімді байланыс орнату – тұрғындармен ашық диалог құрып, заманауи форматтарды пайдалану.
Зерттеу барысында кейбір қиындықтар да туындаған. Анар Мақанованың айтуынша, көптеген тұрғындар сауалнама жүргізушілерге сенімсіздікпен қарап, қатысудан бас тартқан.