Балабақшаларды қаржыландыру тәртібі өзгереді – Үкімет
Елдегі балабақшаларды қаржыландыру жүйесі өзгереді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
«Елімізде мектепке дейінгі білім беруді қолжетімді ету және оның сапасын арттыру мақсатында балабақшаларды қаржыландыру жүйесі қайта қаралды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Жаңа өзгеріске сәйкес, ата-аналар балаға балабақшаны өзі таңдайды. Мемлекет баланың білім алуына қажетті қаржыны мектепке дейінгі ұйымға емес, баланың атына, таңдалған мекемеге бөледі. Бұл тәсіл жеке меншіктегі және мемлекеттік балабақшалар арасындағы бәсекелестікті арттыруға жол ашады.
Осындай бәсекелестік жағдайында балабақшалар мүмкіндігінше көбірек бала тарту үшін білім беру сапасына, тәрбишілер мен педагогтардың біліктілігіне мән беретін болады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл механизм Қазақстанның төрт қаласында пилоттық режимде енгізілген. Тараз, Шымкент, Түркістан және Орал қаласында балабақшалар осы жүйемен қаржыландырылып жатыр. Алдағы уақытта барлық мектепке дейінгі ұйымдар осы тәртіппен қаржыландырылады.