Үйде жалғыз: Аir Аstana он жасар баланы шетелдік әуежайдың транзит аймағына екі тәулікке тастап кеткен бе?

Жарияланды
Аir Аstana компаниясы бұл жайтқа пікір білдіріп, оқиға барысын растады. Десе де, адвокат жасаған тұжырымдармен келіспейді./фото: Іnstagram

Аir Аstana компаниясының кесірінен 10 жасар бала Түркияда транзиттік аймақта екі тәулік бойы жалғыз қалған. Бұл туралы адвокат Данилхан Шағатаев инстаграм парақшасында жазды. Осы жайтқа байланысты Аir Аstana ережеге сай әрекет еткенін, Түркияның көші-қон қызметінің ұйғарымын орындағанын айтып отыр.

Адвокаттың сөзіне қарағанда, 2024 жылы 21 желтоқсанда бұл бала бір топ жас футболшылармен бірге Алматы-Анталья бағыты бойынша КС 915 рейсімен футбол жиынына ұшып барған.

«Балаға ертіп жүру қызметі сатып алынған. Демек Аir Аstana ертіп жүруге жауапты болды», – деп жазады адвокат.

Данилхан Шағатаевтың сөзіне қарағанда, ұшаққа отыру үшін тіркеуден өткен кезде баланың барлық құжаттары болған. Олар мойынға асатын арнайы сөмкеге салыныпты. Түркияға ұшып келген соң, он жасар бала төлқұжатын таппаған соң, жағдайды ертіп жүрген Аir Аstana қызметкеріне айтқан. Бірақ құжат сол күйі табылмаған.

Соңында төлқұжатсыз шекара бақылауынан өте алмай, баланы департациялауға арналған арнайы бөлмеге орналастырған. Адвокаттың айтуынша, әуекомпаниясының өкілдері қалдырып кетіп, бала онда екі тәулік жалғыз отырыпты. Оқиға 2024 жылдың 21 желтоқсанынан 23 желтоқсанына дейінгі аралықта болған.

«Баланы жалғыз тастап кеткен. Қарсы алушы тарап балаға жақындай алмаған. Өйткені ол транзиттік аймақта қалып қойған. Бөтендерді ол жаққа кіргізбеген», – дейді адвокат.

Данилхан Шағатаев жас баланың күйініп, екі күн бойы жылағанын айтады. Оны тергеуге алғанмен, түрік және ағылшын тілін білмейтін бала шекарашылардың, полицияның және әуежай қызметкерлерінің сөзін түсінбеген.

«Әуекомпаниясы оның мүддесін қорғау үшін ешқандай көмек көрсетпеген. Баланың анасымен бірге Анатальядағы Қазақстанның Бас консульдігіне шыға алдық. Екі апта өткен соң ғана Қазақстанға қайту үшін уақытша құжат рәсімдей алдық. Осы уақыт ішінде Аir Аstana өкілдері қайда болды? Олар келіп, неге өз көмегін ұсынбады?», – дейді адвокат.

Сондай-ақ мұны міндетті түрде анықтауға уәде беріп отыр.

Аir Аstana компаниясы бұл жайтқа пікір білдіріп, оқиға барысын растады. Десе де, адвокат жасаған тұжырымдармен келіспейді.

«Air Astana әуекомпаниясы жолаушылар тасымалының халықаралық нормаларын қатаң ұстанады. Оған ертіп жүрген ешкімі жоқ балалар қоса кіреді. Балаларды ертіп жүру қызметіне заңды өкілінен баланы қабылдау, ұшу кезінде оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жеткен соң заңды тұлғаға тапсыру кіреді. Ал құжаттар мен жеке заттарға жолаушының өзі жауапты», – делінген әуекомпаниясының түсіндірмесінде.

Air Astana дерегінше, бес баланың бірінде төлқұжаты болмай шыққан. Рейсті рәсімдеген кезде құжат жолаушының өзінде болыпты

«Оны бейнежазба растайды. Әуекомпания қызметкерлері терминалда және әуе кемесінің бортында өз бетінше құжатты іздеген. Өкінішке орай, құжат табылмады. Әуекомпаниясы болған жайт туралы консульдыққа дереу хабарлады», – дейді Аir Аstana баспасөз қызметі.

Әуекомпаниясы депортация туралы шешімді қабылдаған елдің көші-қон қызметі қабылдайды деп отыр. Баланы ұстау жағдайын Түркияның көші-қон қызметі анықтапты. Аir Аstana балаға үш мәрте тамақ беріп, психологиялық қолдау көрсеткенін алға тартып отыр. Сонымен қатар жағдайды тез реттеу үшін Қазақстан консульдігімен және Түркияның көші-қон қызметімен ұдайы байланыста болыпты.  

«Мұндай жағдайда көші-қон қызметінің ұйғарымын орындау міндет. Солай да болды. Жас бала Қазақстанға ең жақын тікелей рейспен қайтарылды. Ережеге сәйкес, оның кері билеті пайдаланылды», – дейді Аir Аstana баспасөз қызметі.

Әуекомпаниясының хабарлауынша, екі күннен кейін, 25 желтоқсанда, бала жаңа билетпен жолаушы ретінде Түркияға қайта ұшып келген.

Сондай-ақ оқыңыз