Ақтаудағы ұшақ апатында қаза тапқандардың отбасына 12 миллион теңгедей өтемақы беріледі
Әзербайжан әуе жолдары ұшақ апатында опат болғандардың отбасына 40 мың манат көлемінде өтемақы береді.
Әзербайжанның мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, зардап шеккен жолаушыларға да 20 мың манат берілмек. Бұл – «Азербайджан Хава Йоллары» бақылаушы кеңесінің шешімі. Бұдан бөлек, бұл рейстің жолаушылары Әзербайжан заңдарына және халықаралық тәжірбеге сәйкес сақтандыру төлемін алады.
Апат салдарынан 38 адам қаза болды. Аты-жөні белгісіз 10 адамның кім екені анықталды. Олардың үшеуі – Ресей, төртеуі – Әзербайжан, үшеуі – Қазақстан азаматы. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі екі адамның жағдайы ауыр екенін мәлімдеді. Ал 11 адам жансақтау бөлімінде жатыр.
Айта кететін жайт, «Азербайджан Хава Йоллары» әуекомпаниясының Embraer 190 ұшағы 2024 жылы 25 желтоқсанда Ақтау әуежайы маңында апатқа ұшырады. Апатқа байланысты Қазақстанда шұғыл мемлекеттік комиссия құрылды. Оның жетекшісі Қанат Бозымбаев криминалогиялық зерттеулерге Ресей мен Әзербайжан мамандары қатыспайтынын, тек қана тергеу жүргізетінін мәлімдеді.
Euronews Ақтаудағы ұшақ апатына Ресей зымыраны себеп болғанын, мұны алдын ала тергеу растағаны туралы ақпарат таратты.
Reutersтің мәліметінше, Баку Кремльден Embraer ұшағын Ресейдің атып түсіргенін мойындағанын күтіп отыр.