Росавиация басшысы Ақтаудағы ұшақ апаты болған күні Грозный әуежайы жабық болғанын айтты

Жарияланды
«Сол күні, сол сағаттарда Грозный әуежайындағы ахуал күрделі болды»/фото: KursivMedia мұрағаты

Росавиация басшысы Дмитрий Ядров Әзербайжан әуе жолдарының ұшағы жақындағанда Грозный үстінде украиналық дрондар ұшып жүргенін айтты. Tvrain мәліметінше, ол екі күннен бері алғаш рет ресми мәлімдеме жасап отыр.

«Сол күні, сол сағаттарда Грозный әуежайындағы ахуал күрделі болды. Украиналық әскери ұшқыш аппараттары Грозный мен Владикавказ қалаларына азаматтық инфрақұрылымға террорлық шабуыл жасады. Соған байланысты «Ковер» режимі енгізілді. Онда аталған кеңістіктен әуе кемелерінің барлығы дереу кетуі көзделеді», – деді Ядров.

Мұның алдында Росавиация апатқа ұшыраған ұшақ құстарға соғылды деп мәлімдеген еді.

Әзербайжан депутаты Расим Мұсабеков әзербайжандық ұшаққа шабуыл жасағаны үшін Ресей тарапынан ресми кешірім сұрауды талап етіп отыр. Оның пікірінше, ұшақ Ресей аумағында, Грозный аспанында атып түсірілген.

«Мұны терістеу мүмкін емес», – дейді Расим Мұсабеков.

Қазір де Грозный әуежайы уақытша ұшақ қабылдамай жатыр. Ұшақ апаты кезінде 38 адам қайтыс болды. Тағы 11 адам жансақтау бөлімінде жатса, оның екеуінің жағдайы ауыр.

Сондай-ақ оқыңыз