Жаңалықтар

Qazaq Air Ресейдің Екатеринбург қаласына ұшатын рейстерді тоқтатты

Алматы әуежайынан
28 желтоқсаннан 2025 жылдың 27 қаңтарына дейін Астана-Екатеринбург бағыты бойынша әуе рейстері уақытша тоқтатылды / Фото: shutterstock

Qazaq Air әуекомпаниясы 28 желтоқсаннан 2025 жылдың 27 қаңтарына дейін Астана-Екатеринбург бағыты бойынша әуе рейстерін уақытша тоқтатты. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

«Ресейге ұшу тәуекелдерін үнемі бағалау нәтижелері негізінде жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігі мақсатында рейстер тоқтатылды», – деп хабарлады Qazaq Air әуекомпаниясы.

Десе де, әуекомпанияның дерегінше, Омбы мен Новосібірге рейстер ұшырылып жатыр. Өйткені бұл бағыттар тәуекелді бағалау шарттарына сай келеді.

«Екатеринбургке әуе рейстері тәуекелдер қайта бағалау қорытындысы бойынша қайта ашылуы мүмкін», – делінген хабарламада.

Qazaq Air әуекомпаниясының хабарлауынша, тоқтатылған рейстерге билет сатып алған жолаушылардың ақшасы қайтарылады. Сондай-ақ баламалы рейстерге тегін брон жасауға болады.

Авиация сарапшысы Абыл Кекілбаев украиналық дрондардың нысанына айналған Ресей қалаларына рейстерді тоқтату жөнінде әр әуекомпаниясы дербес шешім қабылдайтынын айтқан еді. Бұл жерде ұшу қауіпсіздігі деңгейі басшылыққа алынады. Десе де, халықаралық ұйымдар тарапынан Ресейге ұшуға әзірге тыйым жоқ.  Тек қана Украина аспанын ұшақтар айналып өтеді.