Еуразиялық одақта ортақ газ нарығын құру кейінге қалды ма?
![ортақ газ нарығы](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2024/12/123-123-1024x576.png)
Еуразиялық экономикалық одақта 2025 жылдың 1 қаңтарынан жұмысын бастайды деген ортақ газ нарығы құрылмады. Санкт-Петербургте өткен саммитте бұл жобаға қатысты ешқандай шешім қабылданған жоқ..
Бұған дейін ЕЭАО нарығында ортақ газ нарығы құрылуы мүмкін деп жазған едік. Еуразиялық экономикалық комиссия сайтында соған сәйкес құжат жарияланған. Ол жоба туралы 26 желтоқсанда Санкт-Петербургте өткен саммитте шешім қабылдануы керек еді.
Ортақ газ нарығы құрылса не өзгереді?
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев түсіндіргендей, ортақ нарық кезінде одақ елдері ішінде жанар-жағармай, газ өзара тасымалдана береді. Бірақ ерекшелігі – газ бағасы қымбат елдер газ бағасы төмен елдерден жаппай сол отынды сатып ала бастайды.
Ал ЕАЭО елдері арасында жанармай, газ, дизельді отын және сұйытылған газ бағасы ең арзан ел – Қазақстан. Ел үкіметі егер ортақ нарық құрылса, сол арзан отынның барлығы одаққа мүше елдерге ағылып кетуі мүмкін деп қауіптенеді. Онда одақтағы басқа елдермен тең болу үшін Қазақстанда газ бен жанармай бағасын көтеруі мүмкін.
Ортақ газ нарығын құру шешімін кім қабылдайды?
Негізі Еуразиялық одақ ішіндегі шешімдерді Жоғары Еуразиялық экономикалық одақтың кеңесінде қабылдайды. Жыл қорытындысы бойынша Санкт-Петербургте өткен жиында кеңес мүшелері ЕАЭО-ның 2025 жылдағы халықаралық бағыты, кедендік транзиттегі ортақ қызмет нарығы, Иранға бақылаушы статусын беру тәрізді бірнеше келісім жасалған. Бірақ осы қабылданған құжаттар арасында ортақ газ нарығы туралы жоба жоқ. Оны сол комиссияның сайтынан байқауға болады.
Қазақстанда одақ аясындағы ортақ энергетика (газ, мұнай өнімдері) нарығы туралы бұған дейін де талқыланған. Осы жылы жазда Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ортақ энергетика нарығын құру туралы мәселе 2027 жылға қалуы мүмкін деген еді.