«Қазмұнайгазға» тиесілі «Рожков» кен орны жоспарын орындай ала ма?

Жарияланды
Рожков кен орны
«Рожков» кен орны 11 ай қорытындысын шығарды/Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Қазмұнайгаз» ҰК-ға тиесілі «Рожков» кен орнының 11 айдағы жұмысына қатысты жиын өтіп, жыл қорытындысы шықты.

«Рожков» газ конденсатты кен орнын «Орал Ойл энд Газ» (ООГ) атты компания басқарады. Кәсіпорынның бас директоры Аман Имандосовтың сөзінше, 11 ай ішінде кен орнынан 215 мың тонна конденсат, 290 млн тонна газ алынған. Компаниядан шығарылған газдан айына 6 мың тоннадан аса сұйытылған газ өндіріледі. Оны Батыс Қазақстан және Атырау облыстарына жібереді.

 «Рожков» газ конденсатты кен орнын 2008 жылы тапты. Бірақ тек былтыр желтоқсанда ғана пайдалануға берілді.  Салтанатты ашылуы кезінде «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Серікқали Брекешев 2040 жылға дейін мұнда 15 млрд текше метр газ және 7 млн тонна конденсат өндіріледі деп уәде берген еді. Егер кен орнындағы барлық ұңғымалар максималды түрде жұмыс істесе, тәулігіне 1,5 млн текше метр газ шығару мүмкіндігі бар.

Бұл жоспарды қаншалықты орындай алатынын уақыт көрсетеді. Әзірге 2024 жыл – кен орны жұмысының бірінші кезеңі. 2025 жылдан екінші кезеңі басталып, өндіріс жылдамдығы артуы керек.

Кен орнының операторы яғни басқарушы компания – «Орал Ойл энд Газ» ЖШС. Оның 50% үлесі «ҚазМұнайГаз» ҰК-ға, 27,5%-ы  Мажарстанның MOL Caspian Oil and Gas Plc. компаниясына және 22,5%-ы қытайлық Sinopec компаниясының еншілес ұйымы — First International Oil корпорациясына тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз