Stadler Kazakhstan зауыты швейцариялық технология бойынша вагондарды 2025 жылдың екінші тоқсанында шығара бастайды. Бұл жөнінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады.
Зауыт басшылығы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен оффтейк келісімшарт жасасқан. Келісімшарт құны – 2,3 млрд доллар.
Ұлттық компанияға қарасты «Жолаушылар тасымалы» АҚ Stadler Kazakhstan ЖШС-ға серіктес деп танылған. Stadler 2030 жылға дейін 537 вагон шығаруға уәде берген.
Жаңа вагондар 40 жыл қолданыста болады. Темір жол арқылы сағатына 160 шақырым жылдамдықпен қозғалады.
Министрлік кәсіпорын Еуарзиялық экономикалық одақтың техникалық талаптарына сай вагондар шығаратынын мәлімдеді.
Stadler Kazakhstan ЖШС Астана қаласында 2022 жылы тіркелген. Қазақстан жобаны 2023 жылы іске қосатынын хабарлаған еді. Бірақ оның мерзімі 2025 жылға шегерілген.
Өндіріс кешені 31 мың шаршы метрді құрайды. Қазіргі уақытта 300 адам жұмыс істейді.
Stadler Kazakhstan ЖШС – Stadler Rail компаниялар тобының құрамына енген кәсіпорын. Stadler тарихы 1942 жылдан басталады. Содан бері әлемдік нарықта локомотив саласында үздік өндірушілердің бірі болып есептелінеді.
Statsnet ақпараты бойынша Астана қаласындағы зауытты Владимир Русак басқарады. 2023 жыл қорытындысына сай компанияның жылдық жиынтық табысы 4,6 млрд теңге боғлан. Владимир Русак бұған дейін Белоруссиядағы Stadler-ге қарасты кәсіпорын басшысының орынбасары қызметін атқарған.