Ақтаудағы оқиға бойынша Қазақстан тергеу жұмысын әділ жүргізуге мүдделі – Тоқаев Әлиевке не айтты?
27 желтоқсан күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті. Тоқаев Әзербайжан басшысына ұшақ апаты бойынша тергеу барысы жөнінде баяндаған, оған қоса Қазақстан тарапы тергеуді әділ жүргізуге тырысатынын айтқан.
«Қасым-Жомарт Тоқаев оқиғаны тергеу жөніндегі арнайы мемлекеттік комиссия жұмысы туралы мәлімет беріп, Қазақстан тарапы ұшақ апатын жан-жақты және объективті түрде зерттеуге бар күш-жігерін салатынын жеткізді», – деп хабарлады ҚР Президент әкімшілігі.
Ақорда тергеуге қатысты одан әрі кеңірек ақпарат берген жоқ. Екі елдің үкіметтері бірлесе жұмыс істемек.
Әлиев пен Тоқаев қаза болған жолаушылар туралы сөйлесіп, дәстүр бойынша бір-біріне көңіл айтқан.
«Ильхам Әлиев іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу және зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша шұғыл әрекет еткені үшін Қазақстан Үкіметіне алғыс айтты», – деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Бүгін Қытай басшысы Си Цзиньпин де Қазақстан Президентіне қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айту жеделхатын жолдаған.
ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша елде мемлекеттік комиссия құрылды. Қазіргі уақытта үкімет Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында болған ұшақ апатынан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына әлеуметтік көмек пакетін ұсынатынын жариялады.