АШМ шегірткелердің таралуын бақылап отыру үшін дрондар сатып алды
Үкімет шегірткелерге қарсы қорғаныс шараларынан үнемделген қаражатқа дрондар мен автокөілктер сатып алды. Үкімет резервінен бөлінен 3,9 млрд теңгенің 695 миллионға жуығын үнемдеген.
«Үкімет бұл қаражатты шегірткелерге қарсы зерттеулер мен химиялық өңдеулер жүргізу, сондай-ақ қорғаныс іс-шараларын ұйымдастыруды бақылау үшін автокөліктерді сатып алуға пайдалану туралы шешім қабылдады. 7 зерттеу дрондары, 46 химиялық өңдеу дрондары және 38 автомобильдер сатып алынды»,- делінген хабарламада.
Сатып алынған дрондар шегірткелердің дамуы мен таралуын бақылайтын болады. Ал бүрку әдістерін қолдану мүмкін емес жерлерде химиялық өңдеу үшін қолданылады. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл қаржыға автокөлік паркін де 100%-ға жаңартып алған.
Министрлік биыл зиянкестерімен күресу оңайға соқпғанын және болжаммен шегірткелер 2,5 миллион гектар аумаққа таралғанын мәлім етті. Ал іс жүзінде ведомство ол аумақтан көп, яғни 3,1 миллион гектар аумақта химиялық өңдеу жүргізгенін хабарлап отыр. Оған жалпы республикалық бюджеттен 4,2 млрд теңге, ал Үкімет резервінен — 3,9 млрд теңге бөлінген.
Осыған дейін Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті шегірткемен күреске бөлінген қаражаттан 1,5 млрд теңге үнемделгенін хабарлады. Еске сала кетсек, 2024 жылы үйірлі шегірткемен күресу үшін республикалық резервтен 8,1 млрд теңге бөлінген. Көктемде елдің 2,5 млн га алқабында табын шегірткелері таралады деп болжанған.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров елімізде шегірткенің зардабын есептейтін әдістеме жоқ, десе де шегірткеден шаруаларға шығын келмеді деп мәлімдеген болатын.