Қытай компаниялары Қазақстанда енді астық өңдейтін зауыттар салады
Қытайдың үш бірдей компаниясы Қазақстан нарығына келеді. Алпауыт компаниялар Алматы, Ақмола және Жамбыл облыстарында астық пен жүгеріні терең өңдейтін зауыттар салмақшы. Бұл жайында Премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттық сауалға берген жауабында айтылған.
Үкімет басшысы үш маңызды жобаны жүзеге асыру жұмысы жүріп жатқанын мәлімдеді. Мәселен, Алматы облысында астықты терең өңдеу зауыты салынады. Жоба инвесторы – «Shanghai Side Cheng Biotechnology» және «CITIC» консорциумы деп аталатын Қытай компаниясы. Жобаның жалпы құны 1 млрд АҚШ долларынан асады. Өндірістің жалпы көлемі шамамен 2 млн тоннаға дейін жетеді.
«Қытайлық «Shijixianghe agribusiness Group» компаниясы Ақмола облысында жылына 1 млн тонна бидай өңдейтін зауыт салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны 1,6 – 1,8 млрд АҚШ доллары шамасында»,- делінген депутаттық сауалға берілген жауапта.
Тағы бір қытайлық «Fufeng Group» компаниясы Жамбыл облысында жылына 500 мың тонна жүгері өңдейтін зауыт салуды көздеп отыр. Өнеркәсіптік парк құрамында крахмал мен қант зауыты, аминқышқылдарын ашыту зауыты, көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциясы және сарқынды суларды тазарту станциясы болады. Жоба құны 350 млн АҚШ доллары деп бағаланған.
Еске салсақ, осыған дейін Үкіметтің елде қант зауыттарын салуға Қытай инвесторларын тартуды көздеп отырғаны жөнінде жазғанбыз. Сондай-ақ қытайлық компания Қостанайда құны 50 млрд болатын бидай өңдейтін зауыт салатыны жайлы хабарлаған едік. Жалпы, Қазақстан Қытайға жылына 2 млн тонна астық жеткізуге дайын. Әсіресе, ет өнімдерін, майлы және дәнді дақылдар эскпортын ұлғайтуға мүдделі.