Табиғи уақыт белдеуіне сай келмейтін аймақта тұратындарда қатерлі ісік қаупі жоғары — бас онколог
Табиғи уақыт белдеуіне сәйкес келмейтін аймақта тұратындарда қатерлі ісік қаупі жоғары. Бұл жайында елдің бас онкологы Диляра Қайдарова айтты.
Диляра Қайдарованың айтуынша, UTC+5 қазақстандықтар үшін табиғи уақыт. Дүниежүзілік уақытты үйлестіру шкаласына сәйкес, UTC+5 – Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды, Семей, Талдықорған сияқты Қазақстанның ірі қалалары табиғи уақыт белдеуінде жатыр.
«Ғалымдардың пікірінше, халықтың денсаулығы үшін табиғи күн уақытына жақын тұрақты табиғи уақыт белдеулерін қолданған дұрыс. Табиғи уақыт белдеуі ағзаға жарық пен қараңғылықтың табиғи күнделікті циклдарымен үйлестіру мүмкіндік береді»,- деді бас онколог дәрігер.
Бас онколог циркадиялық ырғақтар (биологиялық сағат) ұйқы, метаболизм, иммундық жауап және жасушалық пролиферация сияқты көптеген физиологиялық процестерді реттейді дейді.
«Осылайша, циркадиялық ырғақтарды табиғи уақытпен синхрондау онкологиялық аурулардың даму қаупін азайтады», – деп толықтырды ҚР ДСМ штаттан тыс бас онкологы.
Осыған дейін бірыңғай уақыт белдеуінің қазақстандықтардың денсаулығына әсерін зерттеуге кететін шығын екі есеге қысқарғаны жайлы хабарлаған едік. Осыған дейін үш жылдық зерттеуге 160 млн теңге жұмсалуы мүмкін деген Ғылым және жоғары білім министрлігі соманы 54 миллион теңгеге дейін қысқартып тастады.