Жаңалықтар

Тоқаев 2025 – жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялады

Жұмысшы мамандығының беделін арттыру мақсатында қаулы қабылданды /  
Коллаж: kursiv.media архиві 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2025 жыл жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланды.

«2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялансын. Қазақстан Республикасының Үкіметі Жұмысшы мамандықтарының жылын өткізу бойынша қажетті шараларды қабылдасын»,- делінген Ақорда хабарламасында.

Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Президент Әкімшілігіне жүктелді. Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

Президент бұл бастаманы қыркүйек айында өзінің халыққа жолдауында айтқан болатын. Тоқаев өз сөзінде кәсіптік білім беру саласына реформа жасаудың маңыздылығына тоқталып өтті.

«Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деді президент.

Осылайша адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдардың еңбегі, өмірі насихатталып құрмет көрсетіледі. Президент еңбек адамының мәртебесін көтеру маңызды деп санайды.