Lifestyle

Қытайдағы ең сенімді автокөліктер белгілі болды: олардың көпшілігі Қазақстанда бар

Қытайдағы автокөліктер: қайсысын алуға болады? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қытайдағы автокөліктер нарығы өте үлкен. Америкалық J.D. Power агенттігінің қытайлық бөлімшесі ең сенімді автокөліктердің тізімін жасады.

Премиум маркалар санатындағы үздік үштікте қытайлық брендтер жоқ. Ал ең сенімді көліктер қатарында Hongqi, Chery және Geely бар. Қытайлық озық көліктердің тізіміне кірген автобрендтердің көпшілігі Қазақстанға келіп үлгерген. Кейбірі ресми, кейбірі «сұр» диллерлер арқылы сатылады. Тізімде тағы басқа көліктер бар, толығырақ Кursiv.Мedia шолуында.

J.D. Power агенттігінің Қытайдағы автокөліктер нарығындағы ең сенімді автокөліктерді анықтап келе жатқанына 15 жыл болды. Бұл зерттеу аясында агенттік сарапшылары 13–48 ай аралығында қолданыста болған авто иелерінен сауалнама алып, олар тап болған мәселелер мен ақаулар туралы сұрайды. Олардың ішінде сыртқы, ішкі дизайн, жүргізу тәжірибесі, дисплейлер, мультимедиа жүйесі, климат-бақылау, орындықтар, қозғалтқыш, жүргізуге көмек көрсететін функциялар т.б қатысты сұрақтар бар. Жауаптар жиналған соң сарапшылар 100 көліктің негізінде проблемаларды анықтап, рейтинг түзеді. Мәселе аз болса, рейтинг те жоғары. J.D. Power сарапшыларының айтуынша, ең көп мәселе жалпы дизайн, мультимедиа жүйесі, жүргізуге көмек функциялары және орындықтарға қатысты.

Агенттік өкілдері қытайлық брендтер үшін сенімділік мәселесі өзекті бола бастағанын атап өткен. Нарықта бәсеке өте жоғары. Сондықтан қытайлық өндірушілер алдында өнім әзірлеу жылдамдығы, жоғары сенімділік пен сапа талаптарын сақтау міндеті тұр.

Ең сенімді премиум және бұқаралық брендтер

J.D. Power дәстүрлі түрде рейтингті үш топқа бөліп құрастырады. Бірінші топқа премиум маркалар кіреді. Мұнда «қытайлықтарға» орын табылмады. Айта кетейік, мұндағы «қытайлық» деп отырғанымыз, Қытайда құрастырылған, бірақ басқа мемлекеттерге тиесілі маркалар. Бұл санатта үздік үштікке Porsche, Land Rover және BMW кірген. Төртінші орын Fujian Benz компаниясына бұйырды. Компания Mercedes-Benz минивэндерін өндірумен және сатумен айналысады.

Ал «Бұқаралық брендтер» санатында да таза қытайлық брендтер үздік бестікке кірмеген. Бұл санатта мына брендтер үздік бестікке кірді: FAW Toyota, GAC Honda, Changan Ford, GAC Toyota, Buick.

Қытайлық брендтер арасындағы үздіктер

Таза қытайлық маркалар арасында сенімділік бойынша бірінші орынды Hongqi иеленді. 2023 жылы бұл орынды GWM компаниясына тиесілі Wey бренді алған еді. Бірақ биыл ол зерттеуге енбеді.

Hongqi-ден кейінгі орындарда Chery және Geely тұр. Үздік бестікке GAC және Tank кірді. Алтыншы орынды Lynk & Co алды. Өткен жылы бұл бренд рейтингте екінші орынға ие болған.

Тізімдегі қалған брендтердің арасында келесі маркалар бар: Haval, Changan, Jetour, MG, Bestune, Forthing, Venucia, Dongfeng Aeolus. Бұлардың ішінде Haval, Changan, Jetour, Bestune Қазақстанда ресми сатылады.

2024 жылғы ең сенімді үлгілері

J.D. Power сарапшылары 2024 жылдың қорытындысы бойынша ең сенімді модельдерді де атады. Мұндағы «шағын көлік» санатында Toyota Vios және Hyundai Verna бірінші, екінші орынды, ал Omoda C5 базасында жасалған Chery Arrizo 5 седаны санатында үшінші орын алды. Орташа көлемдегі седандар санатында Ford Focus және Volkswagen Lamando бірінші, екінші, Geely Preface үшінші орынды иеленді.

Шағын бюджетті кроссоверлерінің ішінде алғашқы үш орынды қытайлық модельдер -GAC GS3, Geely Vision X6 және Geely Emgrand S бөлісті. Орташа баға сегментіндегі «шағын көліктер» санатында Honda Vezel және Volkswagen T-Cross бірінші, екінші орынға ие болды. Chery Tiggo 7 Pro және Skoda Kamiq екеуі үшінші орынды бөлісті.  

Орташа көлемдегі эконом-санаттағы кроссоверлерінің ішінде бірінші орынға Hyundai Mufasa-ға (ix35) ие болды. GAC GS4 және Forthing T5 екінші және үшінші орында.  Ал жоғары баға сегментінде Kia Sportage бірінші, Toyota Izoa екінші орында.  «Қола» Haval Dargo-ға тиеселі.

Ең сенімділер ішінде түрлі санатта аты аталған таза қытайлық Chery Arrizo 5, және Geely Emgrand S, Chery Tiggo 7 Pro, Haval Dargo және басқа елдерге тиеселі Skoda Kamiq, Kia Sportage Қазақстанда ресми сатылады. Ал Hyundai Mufasa бұған дейін сұр жолмен Қытайдан әкелінетін, кореялық Hyundai дилері арқылы жақын күндері ресми сата бастады.

Айта кетейік, соңғы 2 жылда Қазақстандық автонарықтың «көрігін» қытайлық маркалар қыздыруда. Сапасына күмән болғанымен бағасы қолайлы. Технологиялық мүмкіндіктері нарықта бар көліктерге қарағанда жоғарырақ тұтынушыны көбірек қызықтырады. Алайда қайсы сапалы деген басты сұрақ бар еді. Өйткені көліктер соңғы 2-3 жылда ғана келгендіктен қайсы сапалы, қайсы сапасыз дегенді анықтау мүмкін емес. J.D. Power-дің жаңа рейтингі мұны анықтап берген сияқты. Алайда ескере кететін жайт, бұл қытайдың ішкі нарығындағы көліктерге қатысты рейтинг. Қазақстандық нарыққа ресми келетіндерінің кейбір техникалық өзгешеліктері бар. Сондықтан оған қатысты бөлек рейтинг жасалуы керек. Бірақ қазірге дейін ондай рейтинг жоқ, тұтынушы шетелдік клиенттік тәжірибе мен рейтингке сүйеніп қытай көліктерін таңдауға мәжбүр.

Қытай көлігін алғысы келген оқырманға…

Кursiv.Мedia оқырмандарына таңдау мүмкіндігі кеңірек болуы үшін 2024 жылдың 9 айында Қытайда көп сатылған көліктердің де ондығын ұсынамыз. BYD осы кезеңде 2 334 842 көлік сатқан. Екінші орында Volkswagen – 1 429 490, Toyota- 1 090 428, Geely – 633 046, Honda – 617 598, Wuling – 582 656, Changan -555 854, Tesla- 460 200, BMW- 444 366, Mercedes-Benz -443 909 көлік сатқан. J.D. Power рейтингінен және 9 айдың статистикасынан байқағанымыз, BYD бірінші орынға шығып, бұған дейін ең көп сатылған Tesla сегізінші орынға сырғығанымен Қытайда әлі де таза отандық өз маркаларына сұраныс аз. Таза өз маркаларының ішінде жиірек сұранысқа ие болатыны – BYD, Geely, Wuling, Changan, Chery, Li Auto, HMA, Hongqi, Jetour, GAC Aion. Бұлардың  7-і қазақстанда ресми, біреуі сұр жолмен әкелінеді. Қызығы қазақстандықтар қатты тамсанатын  Li 6-орында, Қытайдағы автокөліктер нарығындағы сатылымның 3,70% ғана алады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда көлік саудасы қыза түсті: ең көп сатылған автолар қатарында қытайлық бренд бары туралы жазған едік