Алматылық заңгерлер Жанна Оразбақова мен Ғабит Бекітаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Алматы қалалық полиция департаменті берген түсініктемеге қарағанда, оларға сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялағаны үшін айып тағылып отыр.
«Бопсалау және алаяқтық бойынша қылмыстық істің адвокаттары, сотқа дейінгі тергеу деректерін жария еткені үшін У. және Б.есімді азаматтарға қатысты қылмыстық іс қозғалды», – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметі.
Полиция мәліметіне қарағанда, қылмыстық іс жүргізу туралы заңда сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялауға тыйым салынған. Бұған қарамастан, адвокаттар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге тергеудің қалай өтіп жатқаны туралы мәліметтерді таратыпты.
«Сондай-ақ, тергеу әрекеттерін қасақана бұзу және процессуалдық қызметке міндетті түрде қатысу талабын елемеу деректері болды», – делінген полиция хабарламасында.
Жанна Оразбақова сот тергеуін жариялады деген пікірмен келіспейді.
«Менің үстімнен Алматы қаласы полиция департаменті қозғаған қылмыстық іс заңсыз. Өйткені, мен қылмыстық іс материалдарын көргенім жоқ, танысқан емеспін. Оларды мен қалай жариялаймын?»- деп жазды әлеуметтік желіге.
Айта кететін жайт, Жанна Оразбақова мен Ғабит Бекітаев «бопсалау және алаяқтық» ісі бойынша айыпталған Лилия Аношина деген кәсіпкерді қорғаушысы болды. Оның үстінен Bazis-A құрылыс компаниясының негізін қалаушы Александр Белович пен оның бұрынғы күйеуі сотқа шағымданып, талап-арыз берген. Жанна Оразбақова Салтанат Нүкенованы өлтірген Қуандық Бишімбаевтың ісінде жәбірленуші тараптың мүддесін қорғап, танымалдыққа ие болған-ды.