Өзбекстанның депутаттары Шешенстанның басшысы Рамзан Қадыровтан кешірім сұрауды, Грозныймен әуе-қатынасын үзуді талап етіп отыр. Олардың пікірінше, Қадыров елдің ішкі ісіне араласып, өзбек шенеуніктеріне қоқан-лоқы жасаған.
Repost жазуынша, депутат Одилджон Тожиев Қадыровтан Өзбекстан халқынан кешірім сұрап, Комил Алламжонов пен Дмитрий Лиге қастандық жасаған күдіктілерді табуға көмектесуге шақырды.
«Рамзан Қадыров өзін дос деп есептесе, ол Өзбекстанның Бас прокуратурасына жәрдем берсін. Бислан Расаев пен Шамил Темирхановты бізге берсін», – деп мәлімдеді депутат.
Бұрынғы депутат Расул Кушербаев Шешенстан азаматтарын тексеруді қатаңдатып, Грозныймен әуе қатынасын үзуді тоқтатуды ұсынды.
«Өзбек шенеуніктеріне қоқан-лоқы жасау – терроризм. Біз мұндай әрекеттерді жауапсыз қалдыра алмаймыз», – деді Расул Кушербаев.
Мұның алдында Қадыров Алламжонов пен Лиге жасалған қастандыққа ешқандай қатысы жоқ екенін айтып, оларға қоқан-лоқы жасаған.
«Комил Алламжонов пен Дмитрий Ли зардап шегушілердің рөлін көп ойнамасын. Не ойлағандарың болса да, дер кезінде тоқтау керек. Әйтпесе, жала жапқандарыңа, айтқан сөздеріңе жауап беруге тура келеді. Мен қазір біздің дәстүр бойынша берілетін жауап туралы айтып тұрмын», – деп мәлімдеген еді.