Президент Тоқаев ұшақ апаты кезінде ерлік жасаған азаматтардың мемлекеттік наградаға ұсынылатынын айтты

Жарияланды (жаңартылды )
Тоқаев ұшақ апатында опат болған Қазақстан азаматтарының туыстарына көңіл айтты./фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ақтау қаласы төңірегінде құлаған Әзербайжан әуе жолдары ұшағына қатысты кеңес өтті.

Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев ұшақ апатында опат болған Қазақстан азаматтарының туыстарына көңіл айтты. Президенттің пікірінше, жедел көмек құрылымдары шұғыл әрі тыңғылықты әрекет жасаған.

«Апаттың салдары бұдан да ауыр болуы мүмкін еді. Біз бұған жол берген жоқпыз. Адам өмірін сақтап қалдық. Құтқару жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілді. Қажетті ақпараттың барлығы жұртшылыққа уақытылы беріліп тұрды. Яғни оқиға бойынша толыққанды мәлімет бәріне бірдей ұсынылды». – деді Тоқаев.

Оның сөзінше, қазақстандықтар алғашқы сәттен бастап ұшақ апатынан зардап шеккендерге жәрдем берген.

«Халқымыз жанашырлық, ұйымшылдық  және шынайы тілеулестік қасиетін көрсетті. Жұрт кезекке тұрып, қан тапсырды. Әзербайжан елшілігі ғимаратына гүл шоқтарын қойды. Бұл туралы еліміздің және шетелдің бұқаралық ақпарат құралдары жан-жақты мәлімет таратты. Құтқарушылардың, дәрігерлердің және волонтерлердің адал қызметіне күллі әлем куә болды. Әсіресе, көршілес әрі серіктес елдер – Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан азаматтары айрықша алғыс білдіріп жатыр», – деді Тоқаев.

Сонымен қатар Президент Үкіметке апат салдарын жойып, адамдарды құтқарғандардың ерлігі мен еңбегін бағалауды, ерекше көзге түскен азаматтарды марапаттауға тапсырма берді.

Сондай-ақ оқыңыз