Жаңалықтар

Халықаралық авиация ұйымы Ақтаудағы ұшақ апатын тергеуге сарапшысын жібереді

Фото: ТЖМ

Халықаралық азаматтық авиация ұйымы Ақтаудағы ұшақ апатының орнына өз сапаршысын жіберуге әзір.

«ХААҰ авиациялық қауіпсіздік үшін сарапшы тағайындап тергеу өткізуге қолдау көрсетуге дайын. Ол халықаралық тергеу тобының бақылаушысы ретінде оқиға орнына жіберіледі», – делінген ұйымның хабарламасында.

Халықаралық азаматтық авиация ұйымы апат кезінде азаматтарынан айырылған мемлекеттерді тәуелсіз тергеуге қатысуға шақырып отыр. Ұйымның пікірінше, бұған ұшақты пайдаланушы ел, әуе кемесін тіркеуші ел, ұшақты және оның қозғалтқыштарын құрастырып, жасап шығарған ел, азаматтары жарақат алып, қаза болған елдер кіруі тиіс.

«Тергеушіге авиациялық оқиға туралы барлық ақпараттарды жинап, ұшақтардың қауіпсіздігіне қатысты деректер мен кез келген факторлар туралы хабарлауға тапсырма берілді», – делінген ХААҰ сайтында.

Тергеуші шығарылған тұжырымына негіздеп, қауіпсіздікті арттыру шараларына кеңес бере алады.

Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 13-ші қосымшасына сүйене отырып, алдын ала есеп 30 күннің ішінде әзірленеді. Соңғы есеп бәр жыл ішінде дайын болуы тиіс.

Айта кететін жайт, 25 желтоқсанда Ақтау әуежайы маңында Azerbaijan Airlines әуекемесінің Баку-Грозный бағыты бойынша ұшқан ұшағы апат болды. Алғашқы кезде ұшақ аспанда құстар тобына соғылды деген нұсқа кең тарады. Артынша ұшақтың сыртында әуе қорғанысы зымырандарының жарықшақтарына ұқсас тесіктер бар екені анықталды. Euronews Әзербайжан үкіметінің дереккөздеріне сүйене отырып, апатқа ресей зымырандары себеп болғаны туралы ақпарат таратты.