Қазақстандағы ірі компаниялар 2023 жылы мұнай-газ құрылымдарының әлсіреуінен төмен өсім көрсетті

Жарияланды
Ірі компаниялар 2023 жылы мұнай-газ құрылымдарының әлсіреуінен төмен өсім көрсетті / Фото: Илья Ким

Макроэкономикалық көрсеткіштер жекелеген ұйымдардың шынайы жағдайын жасырып тұрады. Қазақстанның 100 ірі компаниясының рейтингі ел экономикасының жай-күйіне басқа қырынан үңілуге әрі жіті зерделеп қарауға мүмкіндік береді.

Kursiv Research төртінші рет Қазақстанның ең ірі 100 ашық компаниясының рейтингін дайындады. Бұл рейтинг компаниялардың сатылым көлеміне (табысына) негізделіп жасалған. Рейтингке қоғам назарындағы ұйымдар мен қор биржасында тіркелген компаниялар кіреді. Яғни қаржылық көрсеткіштерін жариялауға міндетті қазақстандық бизнес сегментінің барлығын қамтиды.

Қолданыстағы заңнама бойынша қоғам назарындағы ұйымдарға қаржы ұйымдары, акционерлік қоғамдар (коммерциялық емес ұйымдардан басқа), жер қойнауын пайдаланушы ұйымдар (жалпы таралған пайдалы қазбаларды өндіретін ұйымдарды қоспағанда), сондай-ақ шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар жатады. Ережелерге сәйкес, қоғам назарындағы ұйымдар (ҚНҰ) қаржылық есептілікті Қаржы министрлігі жанындағы Қаржылық есептілік депозитарийіне есептік жылдан кейінгі жылдың 31 тамызынан кешіктірмей тапсыруы керек.

Алайда кейбір қоғам назарындағы ұйымдар белгіленген мерзімдерді сақтамайды. Сондықтан «Курсив» елдің ірі компанияларының 2023 жылғы нәтижелерін осы жылдың соңында ғана талдауға мүмкіндік алды.

2023 жылдың қорытындысы бойынша, қоғам назарындағы 100 ірі компанияның жиынтық табысы 58,4 трлн теңгеге жетті. Рейтинг жарияланған барлық жыл ішіндегі ең төменгі салыстырмалы өсім тіркелді: 2022 жылмен салыстырғанда жиынтық табыс небәрі 4,5%-ға артты.

Алыптардың титімдей үлесі

Рейтингтің тұрақты көшбасшысы – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ (СҚ) табысын 4%-ға арттырып, 15,5 трлн теңгеге жеткізді. Қор Қазақстанның негізгі салаларының барлығында еншілес компаниялары арқылы ұсынылған. Бұдан бөлек, оның портфельдік компаниялары көптеген саладағы ең ірі ойыншылар (кей жағдайда монополистер) болып саналады. Осы себепті қор ел экономикасында үстемдік етіп отыр. Бұл оның 100 ірі компания рейтингіндегі үлесінен-ақ айқын көрінеді: 2023 жылы қор жиынтық табыстың 28,6%-ын қамтамасыз етті.

Қор табысының жартысын «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) ұлттық компаниясы құрап отыр. Алайда 2023 жыл ҚМГ үшін аса қолайлы болған жоқ. Ұлттық компанияның табысы 4%-ға қысқарып, 8,3 трлн теңгеге тең болды. ҚМГ-ның 2023 жылғы есебінде мұндай төмендеудің себебі ретінде мұнай бағасының өзгеруі көрсетілген. Құжатта: «Brent маркалы мұнайдың орташа бағасының 18,4%-ға төмендеуі табыс динамикасына теріс әсер етті», делінген. Дегенмен ұлттық компания өндіріс көлемінің өсуі нәтижесінде шикі мұнай мен газ сатудан түскен табысты 2022 жылғы деңгейде ұстап тұрды (тіпті аздап арттырды да). Алайда мұнай өнімдерін сатудан түскен табыстың айтарлықтай төмендегені байқалды (–520,9 млрд теңге).

Мұнай-газ секторының шығындарын «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның келесі үш ірі активі өтеді. Атап айтқанда, «Қазақстан темір жолы» табысын 31%-ға арттырып, 1,9 трлн теңгеге жеткізді, «Қазатомөнеркәсіп» – 43%-ға (1,4 трлн теңгеге дейін), ал QazaqGaz – 14%-ға (шамамен 1,1 трлн теңгеге дейін) арттырды.

Егер «Самұрық-Қазынаның» еншілес компаниялары рейтингке жеке енгізілсе, жоғарыда аталған екі компания үздік ондыққа кірер еді. «ҚазМұнайГаз» екінші орынды алып, «Теңізшевройлды» ғана алдына жіберер еді. Ал «Қазақстан темір жолы» жетінші орынға жайғасар еді.

Қазақстанның 100 ірі компаниясының қатарына енетін тағы төрт компания

«Самұрық-Қазынаның» табысы жағынан Қазақстанның 100 ірі компаниясының қатарына енетін тағы төрт еншілес компаниясы жылды оң нәтижемен жапты. Олар: «Қазақтелеком» (+8%, 687,8 млрд теңгеге дейін), «Эйр Астана» (+12%, 531,4 млрд теңгеге дейін), «Самұрық-Энерго» (+17%, 444,9 млрд теңгеге дейін) және KEGOC (+16%, 252,1 млрд теңгеге дейін). Ал екі компанияның табысы төмендеді: «Тау-Кен Самұрық» (–14%, 815,9 млрд теңгеге дейін) және «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» (–2%, 66,2 млрд теңгеге дейін).

Тағы бір ірі құрылым – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі оң қаржылық нәтижеге қол жеткізді. Біздің есеп бойынша, холдингтің сатылым көлемі 22%-ға өсіп, шамамен 1,2 трлн теңгені құрады. Мұндай оң динамика «Бәйтеректің» бір саты жоғарылап, 9-орынға жайғасуына мүмкіндік берді.

«Бәйтеректің» табысы жағынан 100 ірі компания қатарына кіруге әлеуеті бар барлық еншілес ұйымдары өткен жылды оң нәтижемен аяқтады. Олардың ішіндегі ең ірілері: Қазақстан Даму банкі (+30%, 415,2 млрд теңгеге дейін), «Отбасы банкі» (+24%, 329,9 млрд теңгеге дейін) және Bereke банкі (+5%, 272,7 млрд теңгеге дейін).

Екі ұлттық холдинг қосымша 836,6 млрд теңге табыс әкеліп, Kursiv-100P рейтингіндегі жиынтық көрсеткіштің өсуіне елеулі үлес қосты.

Рейтингтегі мұнай-газ компаниялары

Қазақстан экономикасының құрылымы, оның ішінде мұнай өндірісінің көлемі мен осы ресурсқа деген әлемдік бағаның әсері, Kursiv-100P рейтингінде мұнай-газ компанияларының басымдығын анықтайды. Бұл сала қатысушылар саны бойынша да, табыс көлемі бойынша да көш бастап тұр. Ағымдағы рейтингке («Самұрық-Қазына» ҰӘҚ құрамындағы екі компанияны есептемегенде) 17 мұнай-газ компаниясы кірді, олар жиынтық табыстың 31,9%-ын қамтамасыз етті.

Сәйкесінше, мұнай-газ өнеркәсібі мен ұлттық холдингтер Kursiv-100P-тің жалпы динамикасын жиі анықтайды. Мысалы, 2021-2022 жылдары рейтингке енген мұнай-газ компанияларының табысы екі таңбалы өсім көрсетті (+71,9% және +37,9%), бұл кезде Kursiv-100P-тің жиынтық көрсеткіші де қарқынды өсті (+43,4% және +29,7%).

2023 жылы рейтингке енген мұнай-газ компанияларының табысы 18,6 трлн теңгеге дейін қысқарды (–7,5%). Мұнай-газ өнеркәсібі секциясындағы 1,5 трлн теңгелік шығын Kursiv-100P-тің жиынтық өсімін баяулатып, көрсеткішті тек 4,5%-ға жеткізді.

Баға тұрғысынан алғанда қазақстандық мұнай өндірушілердің жолы болмады. Төрт жылдық тоқыраудан кейін 2023 жылы мұнай өндіру көлемі 6,8%-ға өсті, соның нәтижесінде нақты экспорт көлемі де 8,4%-ға артты. Алайда мұнай бағасы бір жыл ішінде барреліне 83,1 доллардан (қаңтар) 77,9 долларға (желтоқсан) дейін төмендеді.

Бағаның төмендеуі рейтингтегі 17 мұнай-газ компаниясының 12-сіндегі табыстың азаюына алып келді. Мысалы, «Теңізшевройлдың» (ТШО) сатылым көлемі 8,9 трлн теңгеге дейін төмендеді (–19%). Табыс негізінен әлемдік нарықтағы мұнай бағасының құлдырауынан қысқарды. Себебі өндіріс көлемі өзгеріссіз қалды.

Соған қарамастан, ТШО ең жақын тұрған бәсекелесінен бірнеше триллион теңгеге озып, Қазақстанның ең ірі ашық компаниялары рейтингінде екінші орынды сақтап қалды. Сонымен қатар ТШО мұнай-газ өнеркәсібі секциясының сөзсіз көшбасшысы болып отыр.

Біздің есептеуімізше, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» табысы 11%-ға қысқарып, 1,8 трлн теңгеге тең болды. Алайда компания өндірістік жетістіктерінің нәтижесінде күрт төмендеуден құтылды. 2023 жылы Қарашығанақ операторы өндіріс көлемін 7,5%-ға арттырды. Өйткені Орынбор ГӨЗ-і (кен орнындағы шикі газды өңдеуші) штаттық режимде жұмыс істеді. Дегенмен, қаржылық сектордағы бәсекелестерінің табыс өсімімен салыстырғанда әлсіз нәтижелер компанияның екі саты төмен сырғып, Kursiv-100P-те 6-орынды иеленуіне себеп болды.

2023 жылы табысы азайған қалған он компания рейтингтің алғашқы ондығынан тыс қалды. Мысалы, «Маңғыстаумұнайгаздың» табысы 3%-ға қысқарып, рейтингтің 12-ші сатысына орналасты. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» 10%-ға азайып, 19-орынға түсті. Ал «Қаражанбасмұнай» 11%-ға қысқарып, 21-орынға; «Каспий мұнай» 5%-ға төмендеп, 42-орынға; «Матен Петролеум» 15%-ға құлдырап, 49-орынға орналасты. Ең нашар динамиканы «Жайықмұнай» көрсетті: табысы 41%-ға қысқарып, 58-орыннан 98-орынға сырғыды.

Мұнай-газ саласының бес компаниясы табысын арттыра алды. 2023 жылы «Норт Каспий Оперейтинг Компани Н.В.» өндіріс көлемін 48%-ға ұлғайтып, мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан, табысын 23%-ға өсіріп, 4,9 трлн теңгеге жеткізді. Қашаған операторы рейтингте үшінші орынды сенімді түрде сақтап қалды. Өйткені оның ең жақын бәсекелестерінің табысы одан бірнеше триллион теңгеге төмен.

Мұнай-газ өнеркәсібі секциясының қалған қатысушылары өткен жылды оң нәтижемен жапқанымен, алғашқы ондықтан тыс қалды. «ҚазРосГаз» табысын 35%-ға арттырып, рейтингте екі саты жоғарылап, 31-орынға көтерілді. Ал рейтингке үш жаңа компания қосылды: «Саутс-Ойл» (78-орын), «Бузачи нефть» (82-орын) және «Кен-Сары» (93-орын). Кейінгі екі компанияның табысы екі таңбалы қарқынмен өсті.

Банктер өсім көрсетті

Kursiv-100P рейтингінде банк секторы қатысушылар саны бойынша әдеттегідей көшбасшылар қатарында. 2023 жылдың қорытындысы бойынша рейтингке 11 банк енді (түсті металлургия саласы да дәл осындай қатысушымен ұсынылған), ал басқа салалардың үлесі айтарлықтай аз. 2021 жылы Қазақстанның ең ірі компаниялары арасында 13 банк болды, бұл Kursiv-100P-тің барлық жарияланымдары ішіндегі ең жоғары көрсеткіш.

Банктердің саны көп болғанымен, алдыңғы рейтингтерде олар жиынтық табыстың негізгі өсімін қамтамасыз еткен жоқ. Себебі олардың үлесі ешқашан 10%-дан аспаған. Алайда 2023 жылы мұнай-газ компанияларының теріс ықпалының аясында банктердің рөлі айтарлықтай артты. Қазақстанның ең ірі 100 компаниясының жиынтық табысы 2023 жылы 2,5 трлн теңгеге өсті, оның шамамен 1,3 трлн теңгесін банктер қамтамасыз етті.

Өткен жыл банктер үшін табысты болды. Жаңа несиелер көлемі 25%-ға артып, 30,7 трлн теңгеге жетті. Мемлекеттік бағалы қағаздардың жоғары кірістілігі банктерге ақша нарығында жақсы табыс алуға мүмкіндік берді.

Нәтижесінде рейтингке енген барлық 11 банк (кейбірінде сақтандыру және инвестициялық бөлімшелер бар) табыстарын арттырды. Олардың жиынтық табысы 4,6 трлн теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 40,1%-ға жоғарылады.

Жекелеген банктер

Жекелеген банктердің нәтижесіне тоқталайық. Ең үздік көрсеткішті «Халық банкі» көрсетті. Оның табысы 2,1 трлн теңгеге жетіп, 2022 жылмен салыстырғанда 30%-ға өсті. Бұл өсім банктің рейтингте екі сатыға жоғарылап, 4-орынға көтерілуіне ықпал етті. Kursiv-100P тарихында алғаш рет қаржы ұйымы осындай жоғары позицияға ие болды.

Банк жылдық есептілігінде «таза пайыздық маржа (2022 жылдың 12 айындағы 5,6%-бен салыстырғанда) 2023 жылдың 12 айы ішінде 6,2%-ға өсті» деп хабарлады. Сонымен қатар қызметтер мен комиссиялардан түскен таза табыс заңды және жеке тұлғалардың транзакциялық кірісінің өсуі, кепілдіктер мен аккредитивтер шығару бойынша комиссиялардың артуы есебінен 19,5%-ға ұлғайды. «Халық банкінің» табысында «Халық» және «Халық-Life» сақтандыру компанияларының қаржылық көрсеткіштері де ескерілген. 2023 жылы бұл компаниялар жиналған сақтандыру сыйақыларының көлемі бойынша үздік үштікке енді.

Басқа банктер рейтингтің алғашқы ондығына енбесе де, олардың барлығы екі таңбалы өсімін көрсетті. Мысалы, БЦК табысын 85%-ға арттырып, рейтингте 14-орынға көтерілді. Jusan табысын 37%-ға еселеп, 18-орынды иеленді. Forte табысын 38%-ға арттырып, 22-орынға жайғасты. Еуразиялық даму банкі табысын 24%-ға ұлғайтып, 34-орынға шықты. RBK табысын 43%-ға өсіріп, 36-орынға орналасты.

Банк секторындағы және жалпы Kursiv-100P рейтингіндегі өсім чемпионы «Шинхан банкі» атанды. Оның табысы бірден 467%-ға өсіп, 62,4 млрд теңгеге жетті. Бұл қарқынды өсім банкке рейтингке алғаш рет еніп, 87-орынды иеленуге мүмкіндік берді.

Финтех саласындағы серпіліс

Банктерден кейін Kursiv-100P рейтингінде ең үлкен табыс өсімін қаржы компаниялары қамтамасыз етті. Бұл сегменттің жиынтық табысы 54,5%-ға өсіп, шамамен 3 трлн теңгеге жетті. Осылайша, рейтингтің жиынтық көрсеткіші қосымша 1 трлн теңгемен нығайды.

«Қаржы» секциясында төрт компания бар, оның үшеуі банктік бизнестің мықты негіздеріне ие. Бұл секцияның сөзсіз көшбасшысы – Kaspi.kz финтех компаниясы, ол Kaspi Bank-ті бақылайды.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Kaspi.kz төрт сатыға көтеріліп, рейтингте 5-орынға ие болды. Компанияның табысы 48%-ға өсіп, 1,9 трлн теңгеге жетті. 2023 жылғы қаржылық есеп бойынша Kaspi.kz табысының негізгі бөлігі таза комиссиялық кіріс (987 млрд теңге) пен пайыздық кірістерден (833 млрд теңге) құралған.

Kaspi.kz өз табысын үш бизнес-сегментке бөледі: Біріншісі – Fintech. Бұл – ең ірі сегмент, 1 трлн теңгеден астам табыс әкелді. Аталған сегмент тұтынушыларға Buy Now Pay Later өнімдерін, ал сатушыларға коммерциялық қаржыландыру қызметтерін ұсынады.

Екінші – Payments, ол 478,7 млрд теңге табыс әкелді. Бұл платформа тұтынушыларға төлем жасауға, ақша аударуға, ал сатушыларға төлем қабылдауға және сауда айналымын бақылауға мүмкіндік береді.

Үшінші – Marketplace, бұл ең аз табыс әкелген сегмент (448,2 млрд теңге). Аталған сегмент сатушылар мен тұтынушылар арасындағы электронды сауда қызметін қолдайды.

Қаржы секциясындағы басқа үш компания да табыстарын арттырып, рейтингтегі позицияларын жақсартты. Атап айтқанда, Еуразиялық қаржы компаниясының табысы 39%-ға өсіп, 574,5 млрд теңгеге жетті. Нәтижесінде компания 2022 жылғы 18-орыннан 15-орынға көтерілді. Оның негізгі активі – «Еуразиялық банк».

Freedom Finance – секциядағы өсім чемпионы. Оның табысы 196%-ға артып, 351,3 млрд теңгені құрады. Компания толықтай Freedom Finance банкі мен Freedom Life және Freedom Finance Insurance сақтандыру компанияларын бақылайды. 2023 жылы бұл құрылымдар қарқынды өсім көрсетті, әсіресе банк ерекше үлес қосты. Нәтижесінде компания 51-орыннан 26-орынға көтерілді.

KMF – микроқаржы компаниясы өткен жылы табысын 19%-ға арттырып, 84,9 млрд теңгеге жеткізді. Компания үш сатыға көтеріліп, 66-орынды иеленді.

Қаржы секторының бұл серпінді нәтижелері ел экономикасында жаңа трендтердің қалыптасып жатқанын көрсетеді. Финтех пен цифрлық шешімдерге негізделген бизнестің өсуі осы саладағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда.

Kursiv-100P рейтингісінің әдістемесі

Рейтингті құрудың негізгі көрсеткішітауарлар мен қызметтерді сату көлемі (табыс). Қаржы секторындағы компаниялар үшін экономикалық тұрғыдан жақын көрсеткіштер қолданылады. Банктер үшін бұл пайыздық және комиссиялық табыстар сомасы, сақтандыру компаниялары үшін сақтандырудан түскен табыс пен пайыздық табыстар. Қаржы топтары мен ұлттық холдингтерге, олардың құрамында әртүрлі профилдегі қаржылық ұйымдар болса, табыс есептеу үшін ұқсас логика қолданылған.

Рейтинг шоғырландырылған қаржылық есептілік негізінде жасалды. Басқаша айтқанда, тізімде тек бас компаниялар көрсетілген. Ал қаржылық ағындары бас компанияның есептілігінде шоғырландырылған еншілес ұйымдар рейтингке қосылмайды. Мұндай қадам қосарланған есептеуден сақтану мақсатында жасалады. Алдын ала рейтингті қалыптастыру үшін негізгі құжат – жыл сайын уәкілетті орган тарапынан жаңартылатын ең ірі салық төлеушілер тізімі.

Деректер тек ашық көздерден алынады: Қаржылық есептілік депозитарийі, Қазақстан қор биржасы, ресми ақпараттық хабарламалар. Осылайша, рейтингте ірі және орта бизнес сегменттерінен ең ашық әрі айқын компаниялар көрсетіледі.

Сондай-ақ оқыңыз