Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев ұшақтың Грозный кеңістігінде шабуылға ұшырағанын растады

Жарияланды (жаңартылды )
Ильхам Әлиев Ақтауда құлаған ұшақтың Грозный аспанында соққы алғанын, бірақ ресейлік күштер әдейі істейді деп санамайтынын айтты/ фото: aa.com.tr

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев AZAL әуе компаниясының ұшағы Грозный қаласының маңында әуеден соққы алғанын мәлімдеді. Бірақ Президент бұл қасақана жасалған жоқ деп санайды.

Мемлекеттік AzTV Әлиев «қара жәшіктегі» жазбалар қағазға түсірілген соң, тергеу қорытындысы шығатынын қаперге салды.

«Бірақ бастапқы нұсқалар да жеткілікті түрде дәлелденген және фактілерге негізделген. Әзербайжанның азаматтық ұшағы Ресей аумағында, Грозный қаласының маңында сырттан зақымданып, іс жүзінде басқарудан айырылғанына қатысты айғақтар бар», – деді ол.

Президенттің айтуы бойынша жерден атқылау салдарынан ұшақтың құйрық жағы зақымданған.

«Оған қоса біздің ұшақтың радиоэлектронды соғысқа қарсы құрылғы себебінен істен шыққанын білеміз. Бұл – ұшақтың бірінші зақымдануы», – деді Әзербайжан басшысы.

Ильхам Әлиев әуел бастан ресейлік құрылымдардың әлдебір оттегі баллонына қатысты нұсқаларын алға тартқаны дұрыс болған жоқ деп есептейді.

«Кінәні мойындау, дос ел саналатын Әзірбайжаннан дер кезінде кешірім сұрау және мұны жұртшылыққа жеткізу – мұның бәрі дер кезінде қабылдануы тиіс шаралар мен қадамдар еді. Өкінішке орай, алғашқы үш күнде Ресейден сандырақ нұсқадан басқа ештеңені естімедік», – деді сөзін нығарлаған Әлиев.

Azerbaijan Airlines әуе компаниясы тергеу материалдары арқылы ұшақтың апатқа ұшырауына «физикалық және техникалық сыртқы әсер»  себеп болғанын зерттейтінін мәлімдеген.

28 желтоқсан күні Путин Әлиевпен сөйлесіп, Грозный қаласының маңында болған жағдай үшін кешірім сұрады. Британия тарапы пен Украина Президенті Зелинский Путиннен болған мән-жайды нақты мойындап, ақиқатты ашық айтуды талап етті.

Сондай-ақ оқыңыз