Ақтау маңына ұшақ құлағанда зардап шеккендерге шұғыл көмектескен мамандар марапатталды
Маңғыстау облысында құлаған ұшақтан зардап шеккендерді құтқарғандар марапатталды. Олардың арасында Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясының жұмысшылары, медицина қызметкерлері, тәртіп сақшылары, Ақтау әуежайының қызметкерлері бар.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің криминалисі Айбек Әлібаев Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын», Маңғыстау облысы ТЖД Басқұдық ауылы №12 өрт сөндіру бөлімінің командирі Серікболат Оңғар Рақымжан Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін иеленді.
Облыстық көпсалалы ауруханасының орталық меңгерушісі Бақытжан Қойбеков пен Ақтау халықаралық әуежайы медициналық бекетінің меңгерушісі Ирина Кочергинаға «Құрмет» ордені берілді.
«Ерлігі үшін» медалін алғандар:
- Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының фельдшері Тимур Қисаев,
- ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының Маңғыстау облысы бойынша филиалының дәрігері Оспан Оразбеков,
- «Қазаэронавигация» РМК Ақтау филиалындағы «Вышка» диспетчерлік бекетінің диспетчері Ярослав Толстиков,
- «Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы» АҚ Ақтау электр желілер ауданының шебері Нұралы Шопанов.
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері:
- Ақтау халықаралық әуежайының қызмет бастығының орынбасары Бекболат Жұмағұлов,
- ҚР Әділет министрлігі «Сот сараптамалары орталығы» Маңғыстау облысы бойынша филиалының маманы Эльдар Оразалиев.
Одан бөлек 50-ден астам адам Президент алғысына ие болды. Тоқаев сенбіде Үкіметке апат орнында жедел қолұшын созған, өзінің азаматтық міндетін мүлтіксіз атқарғандарды марапаттауға тапсырма берген.