Жаңа жыл қарсаңында әлемнің түкпір-түкпірінде ұшақ апаты жиіледі

Жарияланды (жаңартылды )
Жаңа жыл қарсаңында ұшақ апаты көбейді/ фото: kursiv.media

Бір аптада ұшақ апаты бойынша бірнеше оқиға болды. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Оңтүстік Кореядағы трагедия әлем назарында тұр.

Бразилия

Осыдан дәл бір апта бұрын, 22 желоқсан күні Бразилияда Piper PA-42-1000 Cheyenne 400LS жеке ұшағы әуеде құлап түсті. Ұшақ Риу-Гранди-ду-Сул штатындағы Канела әуежайынан көтерілген. Бірақ ұшақ қаладағы кварталға құлады. Борттағы 10 адамның бәрі де қаза тапты. Сол жердегі жиһаз дүкені мен қонақүй қирады. Қонақүйде тұрып жатқан 15 адам ауруханаға жеткізілді.

Фото: Mateus Bruxel/AP

Euronews жазуынша, ұшақ иесі, бизнесмен Луис Клаудио Галеацци апат кезінде отбасымен бірге опат болды.

Қазақстан

25 желтоқсан, сәрсенбі күні, Баку – Грозный рейсімен ұшқан Embraer 190 әуені біраз шарлады. Ұшақ Грозный әуежайына қона алмай, Қазақстанға келген. Басқару жүйесі істен шыққан ұшақты Ақтау қаласының әуежайы күтіп тұрды. Бірақ ұшқыштар қала маңында әуе көлігін қондыруға шешім қабылдады. Апатты жағдайда қонған ұшақ екіге бөлініп қалды.

Бортта 69 адам болған. Оның 38-і ғана тірі қалды. Қазақстан, Әзербайжан, Ресей тарапы тергеу ісін бірге жүргізетін болды. Бастапқыда ұшаққа құстардың соғылуы мен оттегі баллонының жарылуы апаттың негізгі себебі ретінде қарастырылды. Бірақ 25 желтоқсан күні Грозныйда Ресей әуе қорғанысы жүйесін іске қосқаны белгілі болды.

Бірнеше халықаралық агенттік РФ зымыраны ұшақты істен шығарғаны туралы жазды. Қазақстан үкіметі құрған тергеу комиссиясы да елдің әуе кеңістігіне кірместен бұрын Azerbaijan Airlines әуе көлігі сыртынан соққы алғанын мәлімдеді. ҚР Көлік министрінің жетекшілігімен 17 халықаралық тергеуші оқиға барысын сараламақ.

Оңтүстік Корея

Оңтүстік Кореяның Муан әуежайында Jeju Air компаниясының ұшағы өртке оранды. Boeing 737-800 борты қону жолағына тоқтай алмай, қоршауға соғылды. Boeing-та 181 адам болған. Оның алтауы – экипаж мүшесі. Әзірше екі адамның аман қалғаны белгілі. Экипаж мүшесі мен жолаушы ауруханаға жеткізілді. Борт Таиландтағы Бангкок қаласынан әуеге көтерілген. Jeju Air компаниясының бас директоры халықтан кешірім сұрады.

Фото: REUTERS

«Ең алдымен бас иіп, кешірім сұраймын. 29 желтоқсан күні сағат 09:03 шамасында Бангкоктан қайтып келе жатқан ұшақ Муан халықаралық әуежайына қонып өртенді. Қазіргі уақытта апаттың себебін анықтау қиынға соғып тұр, тиісті мемлекеттік органдардың тергеу туралы ресми мәлімдемесін күтуге тура келеді. Мен бас директор ретінде жауапкершілікті мойныма аламын», – деп жазды ол.

Норвегия

29 желтоқсан күні Норвегиядан Нидерландыға бет алған жолаушылар ұшағы қонған кезде ұшу-қону жолағынан шығып кетті. Голландиялық «Корольдік авиакомпанияның» (KLM) хабарлауынша, ұшақ Осло әуежайынан Амстердамға көтерілген кезде қатты дыбыс шыққан соң, Сандефьорд халықаралық әуежайына бағытталды.

Төтенше жағдай кезінде Boeing 737-800 ұшағы ұшу-қону жолағынан шығып, жасыл шөп өскен алаңға дейін сырғыған. Борттағы 176 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі зардап шеккен жоқ. Оқиғаға қатысты тергеу басталды. Алдын ала ұсынылған мәлімет бойынша ұшақ гидравликалық жүйедегі ақауға байланысты шұғыл қонған.

Канада

28 желтоқсан күні Канадада Сент-Джонстан ұшып келген әуе көлігі апатқа ұшырады. Көліктің шассиі қонар кезде ашылмай қалған. PAL Airlines компаниясы АС 2259 рейсін орындаған. Галифакс әуежайына қонғанда ұшақ бірден бір жағына ауытқып, қанаты жерге соғылды. Борттың сол жақ беті өртенді. Бұл оқиға жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 21:30-да болған.

Фото: CBC/ Nikki Valentine

Айта кетейік, KursivMedia Қазақстанда қанша ұшақ құлағаны туралы жазды.

Сондай-ақ оқыңыз