Қазақстандықтар Ақтауда ұшақ апатынан көз жұмған жерлестерін ақтық сапарға шығарып салып жатыр
Ақтау қаласында ұшақ апатынан мерт болған қазақстандықтарды жерлеу рәсімдері өтуде. Бүгін, 29 желтоқсанда, Астана қаласындағы республикалық мешітте Гаухар Шәймерденованың жаназасы өтті. Марқұм ұшақта бірге болған ұлы Эльдар Жұмағатпен бірге жерленді.
Гаухар Астана қаласында нотариус кеңсесінде жұмыс істеген. 25 желтоқсан күні баласымен бірге Баку қаласында Грозныйға ұшатын Embraer 190 әуе көлігіне отырған. Шәймерденованың артында 19 жастағы ұлы мен жасы 70-тен асқан анасы қалды.
Апатқа ұшыраған ұшақта болған Сәлима Жутаеваның жаназасы Қостанай қаласындағы Аймағамбет қажы атындағы орталық мешітте өтті. 29 жастағы стамотолог Сәлиманың Қарағанды қаласында тұратыны, Грозныйға жұмыс істеу үшін жиі баратыны белгілі болды. Ол Қазақстанда жеке емханада қызмет еткен.
1985 жылы дүниеге келген Бауыржан Жұмағұлов Маңғыстау облысы «ӨзенМұнайСервис» ЖШС-ында бұрғышы болып еңбек еткен. Бауыржан зайыбымен алты бала тәрбиелеген.
Ұшақта оның досы Сәндібек Төлесінов те болған. Сәндібек «Өзенмұнайгаз» компаниясының мердігері «МұнайФилдСервис» ЖШС механика-энергетика бөлімінде инженер қызметін атқарды. Шаңырағында әйелі мен төрт баласы қалды.
Ақтау қаласының тұрғыны, 46 жастағы әйел Галина Махсудова да Грозныйға ұшқан әуе кемесінде болды. Галина – кәсіпкер. Жеке дүкенінде киім сатқан.
Баку – Грозный бағытында ұшқан әуе көлігінде Қазақстанның алты азаматы болды. Олардан ешкім тірі қалған жоқ.
Бортқа Ресей, Қырғызстан, Қазақстан және Әзербайжан азаматтары да мінген.