Қазақстандықтар сауда ойын-сауық орталықтарына жиі баратын болды

Жарияланды
фото: Илья Ким

Қазақстанның сауда ойын-сауық орталықтарындағы (СОО) трафик өсіп келеді. Мегаполистердің де, өңірлердің де тұрғындары орталықтарға жиі бара бастады. Нарық өкілдерінің пікірінше, бұған республикадағы урбанизация деңгейінің артуы және сауда ойын-сауық орталықтарындағы сапаның жақсаруы әсер етіп отыр.

Клиенттерді тартудың қандай жолдары бар

Сауда ойын-сауық орталықтарындағы трафиктің өсуіне ықпал еткен екі негізгі себеп бар. Біріншісі – сыртқы себеп. Тұрғын үй құрылысының қарқынды артуымен байланысты.

«Біз сауда орталықтарының маңында тұрғын үйлердің тығыз орналаса түскенін байқап отырмыз: Сауда ойын-сауық орталықтары айналасында жаңа тұрғын үй кешендері қарқынды салынып жатыр. Мұның бәрі орталықтарға келушілер санының табиғи түрде өсуіне әкеледі», – дейді Colliers Kazakhstan маркетинг бөлімінің басшысы Игорь Курносов.

Екінші себеп – ішкі фактор. Бұл сауда алаңдарын жаңарту, жалға алушылардың құрамын (tenant-mix) жақсарту, жаңа брендтердің іске қосылуы және сауда ойын-сауық орталықтары аумағындағы жаңа мейрамханалардың ашылуы.

«Келушілер ағынының өсу себептерінің бірі ретінде 2024 жылы жүргізген жаңарту жұмыстарымызды айтуға болады. Бұл үдерістер алдағы жылдары да жалғасын табады», – дейді Астанадағы Asia Park сауда, ойын-сауық орталығының коммерциялық директоры Мадина Қайырова (ARCADA компаниялар тобы).

Жаңғырту жұмыстары аясында Asia Park спорттық брендтер галереясын ашып, мейрамханалар санын көбейтті. Компанияның мәліметінше, бір жылда келушілер саны 11,7%-ға, ал жалға алушылардың тауар айналымы 14,8%-ға өскен.

MEGA Alma-Ata сауда ойын-сауық орталығында 2024 жылы 2,5 млрд теңгеге жаңарту жұмыстары жүргізілді.

«Заманауи сауда ойын-сауық орталықтарына келушілер санына жайлылық, қауіпсіздік және ерекше атмосфера сияқты факторлар әсер етеді. Осы қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін 2023-2024 жылдары MEGA желісіндегі ең алғашқы сауда орталық – Розыбакиевтегі MEGA-ны ауқымды түрде жаңарттық. Тұрақты инвестициялар бізге заманауи талаптарға сай әрі келушілер мен брендтер үшін тартымды болуға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді MEGA сауда ойын-сауық орталықтары желісінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар сауда орталықтарында бірнеше жаңа бренд ашылып, мейрамханалар құрамында ротация жүргізілді. 2024 жылдың 11 айында MEGA желісіне келушілер саны 2023 жылмен салыстырғанда 5%-ға артқан.

Өткен жылы ашылған Aport mall East ай сайын трафикті 8-10%-ға арттырып отыр. Ал Aport mall West-ке келушілер саны 11 ай ішінде 7%-ға өсті. Компания өкілдері мұны акциялар мен ұтыс ойындары арқылы келушілерді тарту стратегиясымен байланыстырады.

Нарық өкілдерінің айтқаны «Курсив» тапсырысы бойынша United Research Technologies Group компаниясы жүргізген сауалнама нәтижелерімен де расталды. Сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірінен 1601 респондент қатысып, сауда, ойын-сауық орталықтарына бару тәжірибесімен бөлісті.

Бұл зерттеу бір жыл бұрын да жүргізілген болатын. Салыстыру нәтижелері қазақстандықтардың мінез-құлқындағы өзгерістерді байқауға мүмкіндік берді.

2024 жылы қазақстандықтардың 49%-ы сауда орталықтарына айына кемінде екі-үш рет баратынын айтқан (2023 жылы бұл көрсеткіш 33% болған). Ал сауда, ойын-сауық орталықтарына жылына бір рет немесе одан да сирек баратындардың үлесі 2023 жылғы 13,7%-дан 2024 жылы 2,5%-ға дейін төмендеген.

Өңірлердегі ойын-сауық орталықтарына келушілер көбейді

Сауда ойын-сауық орталықтарына тек ірі қалалардың ғана емес, сондай-ақ өңір тұрғындары да жиі бара бастады. Тіпті, биыл облыстардағы респонденттер сауда орталықтарына Астана, Алматы және Шымкент тұрғындарынан да жиі барған.

«ARCADA компаниялар тобының басқа нысандарында да (Астана мен Алматыдан бөлек, олардың сауда орталықтары Қостанай мен Қарағандыда жұмыс істейді – «Курсив»), сонымен қатар өңірлерде де өсу қарқынын байқадық. Өңірлерде өсім ірі қалалармен салыстырғанда қарқындырақ: Қостанайда – 12,5%, Қарағандыда – 13%. Бұл, ең алдымен, өткен жылдардағы базаның төмендігімен байланысты. Пандемиядан кейінгі кезең өңірлерге қатты әсер етті, сондықтан қалпына келу баяу жүрді. Сонымен қатар өңірлерде сауда орталықтарының құрылысы баяу жүріп жатыр. Ал ұсыныс сұранысқа сәйкес келмей отыр», – деп түсіндірді Мадина Қайырова.

Оның айтуынша, Астана мен Алматыдағы нысандарға келушілер саны 2023 жылдың күзінде-ақ пандемияға дейінгі деңгейге оралса, Қарағанды мен Қостанайда бұл көрсеткіш 2024 жылдың І-ІІ тоқсандарында ғана қалпына келген.

«Өңірлер туралы айтатын болсақ, көптеген қалада ұзақ уақыт бойы заманауи әрі сапалы сауда, ойын-сауық орталықтары болмағанын атап өту керек. Алайда кейінгі уақытта бұл жағдай өзгеріп келеді. Мысалы, биыл Атырауда Infinity Mall атты ірі сауда, ойын-сауық орталығы ашылды. Онда танымал әлемдік брендтердің дүкендері ғана емес, сонымен қатар кинотеатр, фитнес-орталық және балаларға арналған ойын-сауық орталығы бар. Ал Өскеменде Maxi Mall сауда, ойын-сауық орталығының құрылысы жүріп жатыр, ол 2025 жылы ашылады деп жоспарланып отыр. Осындай жобалар өңірлерге бұрын болмаған жаңа киім брендтерін алып келіп, сол қалалардың тұрғындарына бос уақыт өткізудің әртүрлі мүмкіндіктерін ұсынады. Бұл да сауда орталықтарына келушілер санының артуына оң әсер етеді», – дейді Игорь Курносов.

Ойын-сауықтан гөрі, сауда маңыздырақ

Өңірлерде де, республиканың ірі қалаларында да респонденттердің көпшілігі сауда, ойын-сауық орталықтарына соңғы рет киім-кешек алу үшін барғанын айтты. Респонденттер өздерінің орталықтарға бару мақсаттарына қатысты (сауда жасау, демалу және ойын-сауық, кафе мен мейрамханаларға бару) бірнеше нұсқаны таңдай алатын болса да, бір жыл ішінде жауаптардың арақатынасы айтарлықтай өзгерді. Егер 2023 жылы сұралғандардың жартысынан көбі орталықтарға демалу және ойын-сауық үшін барған болса (56,8%), 2024 жылы мұндай респонденттердің үлесі 49,3%-ға дейін азайған. Ал керісінше, сауда жасауға келгендер саны 2023 жылы 41% болса, 2024 жылы 51,6%-ға жеткен.

«Cауда орталықтарымызға көбінесе шопинг жасау үшін келеді. Бұл орталықтардың қаланың орталық бөліктерінде немесе көлік байланыстары тығыз тоғысқан аудандарда орналасуымен байланысты. Қазіргі трендке келсек, сауда, ойын-сауық орталықтарындағы ойын-сауықтың маңыздылығы азайып жатқанын растаймыз. Бұл – әлемдік тенденция», – дейді Мадина Қайырова.

«MEGA әлемдік «60/40» тұжырымдамасын ұстанады, мұнда 60% сауда орындарына, ал 40% ойын-сауыққа арналған, – деп хабарлады желінің баспасөз қызметі. – Трафикке келсек, келушілердің шамамен 80%-ы шопинг үшін, ал 20%-ы ойын-сауық үшін келеді. Кейінгі жылда бұл көрсеткіштер өзгерген жоқ. Тек категориялардың ішінде ғана ауысулар болды. Мысалы, «ойын-сауық» санатында қоғамдық тамақтану орындары мен кинотеатрларға бару көрсеткіштері өскен».

Екі сауалнама нәтижесі де орталықтарға барғандардың басым көпшілігі киім мен аяқ киім сатып алғанын алға тартты. 2024 жылы ең танымал үш себептің қатарына азық-түлік сатып алу (+8,3 пайыздық тармақ) және ойын бөлмелеріне, боулингке, батуттарға бару (-3 пайыздық тармақ) кірді. Сауда орталықтарында тек серуендеуге немесе достармен кездесуге келетіндердің үлесі бір жылда 23,9%-дан 12,7%-ға дейін төмендеген.

Алайда сауда, ойын-сауық орталықтарындағы ойын-сауық сұранысының төмендеуі барлық орталықтарға тән емес. Aport mall-дағылар ойын-сауық сегменті «өте белсенді» дамып, айналымы өсіп жатқанын алға тартты. Жаңа Aport mall East сауда, ойын-сауық орталығында ойын-сауыққа 50% алаң бөлінген.

Игорь Курносовтың айтуынша, сауда және ойын-сауықтың арақатынасы сауда орталықтарының позициясына байланысты өзгереді.

«Ата-аналар мен балаларға бағытталған отбасылық сауда орталықтары келушілеріне кинотеатрлар, боулинг алаңдары және ойын-сауық орталықтарын ұсынуға тырысады. Ал төлем қабілеті жоғары аудиторияға бағытталған сауда орталықтары керісінше, ойын-сауық орындарын қымбат киім дүкендері мен премиум мейрамханаларға айналдыруды көздейді. Кейбір орталықтар келушілер санын жасанды түрде шектеуге тырысады, өйткені олар үшін сан емес, сапа маңызды. Сондықтан жекелеген сауда орталықтарында келушілер санының айтарлықтай өсуі байқалмауы мүмкін», – деп түсіндірді Colliers Kazakhstan маркетинг бөлімінің басшысы.

Сауда ойын-сауық орталықтарындағы трендтер

Сауда ойын-сауық орталықтарына бару уақытының өзгеру тенденциясы байқалады. Нарық өкілдері жұмыс күндері келушілердің көбейгенін атап өтуде. Бұл адамдардың көбі қазір аралас форматта жұмыс істеуімен немесе онлайн жұмыс істеуімен байланысты болуы мүмкін. Өйткені олар өздеріне ыңғайлы уақытта сауда орталықтарына бара алады. Мысалы, MEGA желісінде күннің бірінші жартысында келушілер саны 17%-ға өскен (жұмыс күндері де, демалыс күндері де).

«Біз тұтынушылардың шопингке ақшаны таңдаулы түрде жұмсай бастағанын байқап отырмыз. Өйткені қазақстандықтардың орташа есеппен 50%-дан астам шығындары азық-түлік себетіне кетеді. Екінші себеп – онлайн сауда үлесінің өсуімен байланысты. Сатып алушылар бағаларды онлайн мен оффлайнда жиі салыстыра бастады», – деп бөлісті Aport mall баспасөз қызметі.

Сондай-ақ сарапшылар сауда орталықтарындағы мейрамханалар мен кофеханаларға келушілер санының артқанын атап өтті. Asia Park бұл трендке байланысты мейрамханаларға көбірек алаң бөлу туралы шешім қабылдаған. MEGA желісінде кафе мен мейрамханаларға бару үлесі бір жылда орташа есеппен 5%-ға өскен.

«Сонымен қатар үш сауда, ойын-сауық орталығындағы мейрамханалар айтарлықтай жаңартылды. Олардың көбісі жылдың екінші жартысында ғана ашылды. Келесі жылы мейрамханаларға келушілер санының одан әрі артуын күтеміз», – деп хабарлады компания өкілдері.

Сондай-ақ оқыңыз