2025 жылы зейнетақы мен жәрдемақы көлемі қандай болады?
2025 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш (АЕК) өзгеріп, жәрдемақы мен зейнетақы өседі. Алайда төменгі жалақы мөлшері өзгеріссіз қалады.
2025 жылы 1 АЕК қанша болады?
«2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет» туралы заңға сәйкес, 2025 жылы 1 айлық есептік көрсеткіш 3932 теңге болып бекітілді. Былтыр бұл көрсеткіш 3692 теңгені құраған. Биылғы бюджетте ең төменгі жалақы мөлшері өзгеріссіз қалды: 85 мың теңге.
Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі 3 мың теңгеге жетер-жетпес артып, 43 407 теңгеден 46 228 теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн қолданылады.
Зейнетақы қаншаға өседі?
2025 жылдың 1 қаңтарынан ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, ал әлеуметтік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы 6,5%-ға индекстеледі.
Республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері 32 360 теңге деп бекітілген.
Ал ең төменгі зейнетақы мөлшері – 62 771 теңге. Жыл сайынғы индексацияның нәтижесінде 2025 жылы ең төменгі ынтымақты зейнетақы: 95 131 теңге болса, ең жоғарғысы 213 046 теңгені құрайды.
Жалпы 2025 жылы зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерге 4,2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Соның ішінде жасы мен еңбек өтіліне байланысты төлемдерге 2,86 трлн теңге жұмсалса, базалық зейнетақы ретінде 1,36 трлн теңге төленеді.
Сонымен қатар 1 қаңтардан бастап балаларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы да өседі. 2025 жылы жәрдемақы мен декреттік төлемдер қалай өзгеретіні жайлы мына материалдан оқи аласыз.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақының көлемі қанша?
Қазақстанда жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобы мен себебіне байланысты есептеліп, жыл сайын инфляция деңгейіне сәйкес қайта қаралады.
Жалпы ауру бойынша:
I топ: 101 702 теңге;
II топ: 81 362 теңге;
III топ: 55 474 теңге алатын болады.
Бала кезінен мүгедектік бойынша:
I топ: 101 702 теңге;
II топ: 84 598 теңге;
III топ: 74 428 теңге деп бекітілген.
Айыппұл көлемі де артады
1 қаңтардан айлық есептік көрсеткіш өсетіндіктен, салынатын айыппұл көлемі де артады. Жүргізушілердің жол ережесін бұзғаны үшін арқалайтын айыппұлы да қомақты болмақ. Айталық, патруль талабын орындамағандарға 158 мың теңге айыппұл салынады. Егер жүргізуші тағы жол полициясының талабын орындамаса, жүргізу куәлігінен 5 тәулікке айырылады.
Жаяу жүргіншілер жолына шығып кеткен көлік иесін 60 мың теңге көлесінде айыппұл тосады. Одан бөлек, бағдаршамның қызылына өтіп кетсе, 39 320 теңге(10 АЕК), екінші рет қайталаса 58 980 теңге (15 АЕК) төлейді.
Жүргізушілерге қандай айыппұл салынады және олардың көлемі қандай екенін мына материалдан толық оқуға болады.
Көлік иелеріне салынатын айыппұлдан бөлек, қоғам тәртібі мен заң бұзғаны үшін салынатын айыппұл да өседі.
Мәселен, мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін айыппұл 11 796 000 теңгені құрайтын болады.Ал қоқысты белгіленбеген жерге төгу, қоғамдық орындарда түкіргені үшін 39320 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.