АҚШ президенті Джо Байден Украинаға 2,5 млрд доллар көмек берілетінін мәлімдеді
АҚШ Президенті Джо Байден Украинаға 2,5 миллиард долларға жуық көмек бөлінетінін мәлімдеді. Бұл туралы Ақ үйдің ресми сайтында жазылған.
«Бүгін мен Украинаға қауіпсіздік саласындағы көмек ретінде шамамен 2,5 миллиард доллар бөлінетінін мақтанышпен хабарлаймын…» — делінген мәлімдемеде.
Жаңа көмек аясында Украина армиясына 1,25 миллиард доллар және Қауіпсіздік саласындағы көмек көрсету бастамасы (USAI) аясында 1,22 миллиард доллар берілмек. Бұл қаржыға Украина әскері ұзақ мерзімді әуе қорғаныс жүйелерін, артиллерия және басқа да маңызды қару-жарақ жүйелерін алады.
Бұл ретте АҚШ Қорғаныс министрлігі жүздеген мың артиллериялық оқ-дәрі, мыңдаған зымыран мен жүздеген бронетехника жеткізіліп жатқанын мәлімдеді. Байден бұл көмек Украинаның соғыстағы басымдығын арттыратынын атап өтті.
Сонымен қатар өзінің қызмет мерзімі аяқталғанға дейін осы бағыттағы жұмыс жалғаса беретінін атап өткен.
Бұған дейін Украина АҚШ пен Дүниежүзілік банктен 485 миллион доллар алғанын хабарлады.