Ақтауда құлаған ұшақтың қара жәшігі Бразилияда тексеріледі
Маңғыстау облысы Ақтау қаласында құлаған Әзербайжан ұшағының қара жәшігі Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына жіберіледі. Бұл туралы Қазақстанның Көлік министрлігі хабарлады.
«Халықаралық азаматтық авиация ұсынымдарын ескеріп және Әзербайжан мен Ресейдің авиациялық билік өкілдерімен кеңесе отырып, ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев басқаратын авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі Комиссия борттық өздігінен жазғыштарды (қара жәшіктерді) Embraer әуе кемесін шығарушы Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жіберу туралы шешім қабылдады», – делінген хабарламада.
Бұл шешім халықаралық Чикаго конвенциясына сай қабылданған. Конвенцияның 13- қосымшасына сәйкес ұшақ апатына қатысты тергеу жүргізетін мемлекет оның қара жәшігін қай елде ашып, деректерін қай елде оқу туралы шешімді өзі қабылдайды. 1992 жылы конвенцияны қабылдаған Қазақстан бұл жауапты міндетті ұшақты өндіруші мемлекетке беруді жөн көрген.
Көлік министрлігінің жазуынша, Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу орталығында деректерді оқуға арналған тиісті құралдар бар.
Айта кетейік, 27 желтоқсанда Ақтау қаласына Бразилиядан Embraer ұшағын өндіруші компанияның өкілдері келген.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтауда құлаған ұшақ апатына қатысты тергеуді қазақстандық мамандар жүргізетінін, Әзербайжан мен Ресей өкілдері қатыспайтынын айтқан еді.
Чикаго конвенциясы – халықаралық авиация жұмысының негізгі принциптерін, қатысушы елдің аумағында ұшу ережелерін, әуе кемесінің ұлттық меншік принципін ұсынатын құжат 1944 жылы 7 желтоқсанда қабылданған.