Беларусьтегі Минск қаласының соты ТМД елдерінде танымал стендап жұлдызы Слава Комиссаренконы 6 жылға соттады. Сотқа әзілкештің өзі келмеген, үкім сырттай күшіне енді.
Минск қаласының соты Комиссаренконы Беларусь қылмыстық кодексінің 130-бабының 1-бөлігіне (нәсілдік, ұлттық, діни не өзге де әлеуметтік араздықты немесе алауыздықты қоздыру), 367-бабының 2-бөлігіне (Беларусь Республикасының президентіне жала жабу), 368-бабының 1-бөлігіне (Беларусь Республикасының президентін қорлау) сәйкес кінәлі деп тапқан.
Комиссаренконың 2020 жылы Беларусьте болған жаппай қарсылық акцияларынан кейін, президент Александр Лукашенконы сынап, оған қатысты әртүрлі әзілдер айтқан. Осыдан кейін Беларусьте оған қарсы қылмыстық іс тіркелген.
«2024 жылдың басында Youtube-те менің жеке концертім жарық көрді. Ол кезде «чык-чырыктың да» (Комиссаренко Лукашенконы осылай атайды) жаңа жылдық құттықтауы жарыққа шықты. Менің концертім Беларусьтегі трендте бірінші орында, Лукашенконың құттықтауы жетінші орында тұр. Бұл Лукашенко ютубер ретінде ұнатпайтын болар», – деп қалжыңдаған әзілкеш.
Бұған дейін ол өзіне Беларусьтің Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен (КГБ) ескертулер жасалғанын және Мәскеуде болғанында беларусьтік күштік құрылымдар ұрлап алып кетпек болғанын айтқан. Осы оқиғадан кейін, ол Киевке көшкен. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін, Ыстанбұлға қоныс аударған.