Жаңа жылдың алғашқы күндеріндегі демалыс кезінде Алматыдағы қоғамдық көліктер мерекелік жұмыс кестесіне көшеді. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
«Алматы қаласы метрополитенінің жұмысы демалыс күнінің кестесі бойынша сағат 06:20-дан 00:00-ге дейін 12-15 минуттық қозғалыс аралығымен ұйымдастырылады», – делінген хабарламада.
Алматы қалалық мобильділік басқармасының ақпаратына сүйенсек, 1 қаңтарда әдеттегі желіге жоспарланған маршруттардың 50%-ы ғана жолға шығады. Ал 2-4 қаңтарда қоғамдық көлік демалыс күнінің кестесі бойынша жұмыс істейтін болады.
Дегенмен туристік орындарға апаратын көліктердің жұмысы күшейеді. Алматы-2 теміржол вокзалынан «Медеу мұз» айдынына апаратын №12 автобус 1-4 қаңтар аралығында 20 көлікті жолға шығарады. Яғни демалыс күндердегі күшейтілген кестемен жұмыс істейді.
Түнгі маршруттың жұмысында өзгеріс болмайды. Орбита ықшамауданынан Алматы халықаралық әуежайына қатынайтын №3 түнгі автобус жұмысын жалғастырады.