Оңтүстік Кореядағы ұшақ апатынан кейін, Jeju Air әуе тасымалдаушысының акциялары құлдырап кетті

Жарияланды
Jeju Air әуе компаниясы
Jeju Air әуе компаниясы дүйсенбі күнгі сауданы құлдыраумен ашқан / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Оңтүстік Кореяда болған ұшақ апатынан кейін, Jeju Air компаниясының акциялары қатты құлдырап кетті. Бұл туралы Reuters басылымы хабарлады.

«Дүйсенбі, 30 желтоқсан күнгі саудада Оңтүстік Кореяның Jeju Air бюджеттік тасымалдаушысының акциялары құлдырады. Мұндай құлдырау компания тарихында болмаған», – деп жазады басылым.

Jeju Air акциялары 30 желтоқсан күнгі сауданы 8,5% төмендеумен ашқан. Бұл 2015 жылы листингке шыққаннан бергі ең төменгі көрсеткіш. Саудада компанияның 95,7 миллиард вонға дейінгі (65,2 миллион доллар) нарықтық капиталдандыруы жойылған.

Жалпы бұл апаттан кейін инвестордардың әуе компанияларына деген сенімі азайған.

Мәселен, Jin Air, T’way Air әуе компаниялары 5,4% және 7,3% көтеріліп барып, қайта төмендеген. Ал екі ірі авиакомпания – Korean Air Lines және Asiana Airlines компанияларының акциялары 1,3%-ға және 0,8%-ға түскен. Тек арзан әуе тасымалдаушыларының арасында Air Busan акциялары ғана 15%-ға өскен.

Jeju Air әуе компаниясының негізі 2005 жылы қаланған. Бұл компания жолаушылар саны бойынша елдегі үшінші ірі әуе компаниясы болып саналады. Ал 29 желтоқсан күні Муан әуежайында болған апат Jeju Air әуе компаниясының өлімге әкелген алғашқы рейсі болды.

Бұл оқиғадан соң, ел билігі Оңтүстік Кореядағы барлық әуе компанияларды тексеріс жүргізіп, қауіпсіздік шараларын қатайтуды тапсырды.

Еске сала кетсек, 29 желтоқсанда Оңтүстік Кореяның Муан әуежайына қонған ұшақ апатқа ұшырап, 179 адам мерт болды. Әуежай Сеул қаласынан 288 шақырым жерде орналасқан. Алдын ала айтылған нұсқа бойынша құстардың соғылуына байланысты қону шассиін басқару жүйесі істен шыққан. Апатқа күн райының нашарлағаны себеп болды деген дерек те айтылуда.

Сондай-ақ оқыңыз