Алматыны көк түтіннен тазартқан, Аралды жаңбыр суымен толтыруға уәде берген Алтай Айнабек пе?

Жарияланды (жаңартылды )
Алматыда қазір 5 қондырғы жұмыс тұр. Тап-таза ауаға қол жеткізу үшін олардың 25-і қажет/коллаж, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Желтоқсан айында көк түтінге тұмшаланып тұратын Алматы аспаны едеуір тазарған. Тау қала тұрғындарына анық көрінетін болды. Бұған қандай жағдай түрткі болып отыр?

Аралды жаңбыр суымен толтыруға уәде берген ғалым Алтай Айнабек KursivMedia-ға өзі ойлап тапқан технология – ионизаторлардың арқасы екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, Алматыда қазір 5 қондырғы жұмыс тұр. Тап-таза ауаға қол жеткізу үшін олардың 25-і қажет екен.

«Алматыда біздің технологиялар жұмыс істеп жатыр. Ол «атмосфераның төменгі қабатын иондайтын ионизатор» деп аталады. Бұл құрал атмосфераға бір белгілі иондар шығару арқылы үдемелі ауа ағымын жасайды. Ауа қозғалысын қамтамасыз етеді. Тік және көлденең қозғалыс жасап, ауада қалқып тұрған бөлшектерді электрлендіреді. Бұл технология өзіміздікі. Осындай екі қағида бойынша жұмыс жасайды. Әлемде баламасы жоқ жаңа буынды технологиялар», – дейді Алтай Айнабек.

Оның пікірінше, қазіргі физика ғылымында атмосфераға қатысты көп қателік бар. Кейбірі фундаментальды қателік.

«Осындай қателіктерді қазіргі физика білмегендіктен, электродинамикада осындай нәрсе жасауға болатынын көп адамдар біле бермейді. Қазіргі технология атмосфераның жоғары қабаты бойынша жұмыс істеп жатыр. Жоғары жақтағы улы қосындылардың күрделенуі, жоғары қабаттарға тарауы адамның көздеріне көріне бастады», – дейді ғалым.

Алтай Айнабектің айтуынша, қазір Алматыда осындай бес қондырғы жұмыс істеп тұр. Олар бұрынғыдай тоқырауды болдырмай тұр. Улы заттардың шоғырлануы азайған.

«Әзірге күші жеткені осы болып тұр. Өйткені атмосферадағы ауаны қозғалту тұман түскенде ауыр болады. Сондай кезде жұмыс істеу қиын болып жатыр. Біз әдейі желтоқсан айын таңдадық. Көп жылдық статистиканы қарасаңыз, бұл – ең лас айлардың бірі. Қара түтіннің кезеңі қыста басталады. 2022 жылы Алматы қаласында тек екі күн ғана ауа сапасы қанағаттанарлық деңгейді көрсетті. Қалған күндері лас және өте лас деңгейде болған», – дейді ол.

Алтайдың пікірінше, Алматының ауасын тап-таза ұстау үшін кем дегенде 25 қондырғы жұмыс істеу қажет. Сондай-ақ үдемелі ағынмен қатар, бәсеңдейтін ағым жасау керек. Сондықтан жоғары жақты тазалаған кезде, технологияның аздығына байланысты астыңғы жағын тарту қиындау болып тұр.

«Бәсеңдейтін ағын – төменге қарай ауа ағымын, қозғалысын жасау деген сөз. Сонда адам бойындағы деңгейде ұшып жүрген ластағыштар кетіп, газды талдағыштар бірден реакция көрсететін болады. Бұл – қазірдің өзінде өте тамаша нәтиже. Көршілес Бішкек желтоқсан айында түтіннен көз ашқан жоқ.», – дейді ғалым.

Алтай Айнабектің айтуынша,  жоба өзінің жеке қаражатынан қолға алынған.

«Қазіргі таңда 117 миллион теңге жұмсадым. Оның 24 миллионы халықтың қолдауымен, қоғамдық қор арқылы жиналып жатыр. Халықтың қолдауы әзірге тек қана іс-сапар шығындарын қамтамасыз етіп отыр. Қалған шығындарды өзіміз көтеріп жатырмыз», – дейді ғалым.

Оның сөзіне қарағанда, қазір ғалымдар бұл технологияларды зерттеп, жұмыс жүргізіп жатыр. Қазақстан ғылым академиясы мен Қаныш Сәтпаев атындағы университетпен келісім жасалған. Ғылыми коалиция құрылып, түрлі бағытта зерттеу жүргізеді. Адамның денсаулығына әсері және басқа да қырлары екшеледі. Бұл технологияның Еуразиялық патенті бар. Халықаралық қорғау жасалынған. Халықаралық жасыл технологиялар тізіміне енгізілген.

Алайда Экология министрлігі Алматы аспанының тазарғанына қатысты жауап беруден бас тартты. Алматы қаласының әкімдігіне хабарласуға кеңес берді. Алматы қаласының әкімдігі сауалымызға жауапсыз қалдырды. Айта кету керек, бұған дейінгі Алтай Айнабектің экологиялық бастамаларының нәтижелі боларына және шындыққа сәйкес келетініне Экология министрлігі күмән келтірген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз