Ақтаудағы ұшақ апатына кінәлілер жауапқа тартылып, сотқа тартылуы керек – Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы

Жарияланды
Трагедияның жауапкершілігі соғысушы тарапқа жүктелмек./коллаж, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) Вилли Уолш Ақтау әуежайы маңында апатқа ұшыраған Әзербайжан әуе жолдары ұшағына қатысты соғысушы тарапты айыптап, кінәлілерді жазаға тартуды талап етті.

«Азаматтық ұшақтар әскери операциялардың нысаны болмауы тиіс», – деп мәлімдеді IATA басшысы.

Қауымдастық 8243 рейске қатысты оқиғаны жіті әрі бұра тартпайтын тергеу өткізуді талап етті. Бұл үндеуді Вилли Уолш  Ресей мен Әзербайжан билігінің мәлімдемелерінен кейін жасаған. Өйткені бұл екі мемлекет те ұшақтың Грозный аспанында істен шыққанын растап отыр. Демек әскери операциялар кезінде зақымданған.

«Азаматтық ұшақтар ешқашан әдейі немесе кездейсоқ жағдайда да әскери операциялардың нысаны болмауы тиіс. Azerbaijan Arilines әуекомпаниясының 8243 рейсінің әскери операция құрбаны болу мүмкіндігі өте зор. Ресейді де, Әзербайжанды да қоса алғанда, мұны бірнеше үкімет көрсетіп берді. Сондықтан жіті, ашық және бұра тартпайтын тергеу өткізу –  басты міндет», – делінген хабарламада.

IATA-ның ескертуінше, Чикаго конвенциясына сәйкес, әуе апатының себептері туралы алдын ала есеп 30 күн ішінде тапсырылуы тиіс.

«Тұжырым жасалса, трагедияның жауапкершілігі соғысушы тарапқа жүктеледі. Кінәлілер жауапқа тартылып, сотқа тапсырылуы қажет», – дейді Вилли Уолш. 

Айта кететін жайт, Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтен «Ресей әуе кеңістігінде апат болған ұшақтың бұзылғаны үшін» кешірім сұраған еді. Әлиев болса, мемлекеттік телеарна арқылы Ақтауда апатқа ұшыраған әуе кемесін ресейлік әуе қорғанысы жүйелері атқанын мәлімдеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз